Accessibility links

АҚШ Olina танкерін ұстады. Ол да Ресейдің санкцияға ілінген "тасадағы флотына" тиесілі


Жұма күні АҚШ жағалау күзеті Венесуэладан мұнай тасымалдаған тағы бір танкерді ұстады. Бұл – кейінгі аптада ұсталған бесінші танкер. Ақпаратты АҚШ қарулы күштеріне қарасты оңтүстік қолбасшылық растады.

Olina танкері Кариб теңізінде ұсталған. WSJ жазуынша, жағалау күзетінің қызметкерлері Шығыс Тимор туын іліп алған танкердің бортына мінген.

Осыған дейін танкер Minerva M деп аталған және Ресейдің "тасадағы флотына" тиесілі танкер ретінде Ресей мұнайын тасымалдағаны үшін АҚШ, ЕО және Ұлыбританияның санкция тізіміне енген. Reuters дереккөзінің айтуынша, ол жуырда Венесуэла портынан мұнай тиеп шыққан. Қайда бағыт алғаны белгісіз.

Желтоқсан айында АҚШ президенті Дональд Трамптың Венесуэла портына бағыт алған немесе содан шыққан санкцияға ілінген танкерлердің "барлығына тосқауыл қоюды" жариялағалы бері Америка сақшылары Olina-ны санағанда бес танкер ұстаған. Арасында Ресей туын іліп алған Marinera танкері де бар.

The New York Times басылымының жазуынша, АҚШ әскери-теңіз күштері қазір осы апта басында Венесуэладан шыққан санкцияға ілінген мұнай танкерлерін Атлант теңізінде іздеп жатыр.

Басым бөлігі мұнай тиеп алған танкерлер құрлықтан жүздеген миль қашықтықта және шығысқа қарай Африка және Еуропаға қарай бағыт алған.

Басылымның топшылауынша, қазір Атлант теңізінде жүрген танкерлер тобы Венесуэладан жаппай кетіп, тосқауылды айналып өтуге күш салған.

7 қаңтарда АҚШ бірнеше күндік талпыныстан кейін Marinera танкерін ұстаған. Ұсталған экипаж мүшелерінің арасында Ресейдің екі азаматы бар. 9 қаңтарда Ресей сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей билігінің үндеуіне орай Ресейдің екі азаматын босату туралы шешім қабылдаған. Бұл жөнінде Ресей сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарованың түсініктемесінде айтылады. Ол хабарламада Ресей Трампқа осы шешімі үшін дән риза екенін айтқан.

XS
SM
MD
LG