АҚШ қорғаныс министрі Пит Хегсет Пекин Үнді-Тынық мұхит аумағында статус-квоны өзгерту үшін әскери күш қолдануға белсенді түрде дайындалып жатыр деп мәлімдеді. Ол Пекиннің Тайваньға басып кіру қатері сейілмегенін де айтты.
Сингапурдағы қауіпсіздік мәселелеріне арналған "Диалог Шангри-Ла" форумында сөйлеген Хегсет Қытай қатері "шын және одан қашып құтылу да қиын" деді.
"Пекин аймақтағы күштер балансын өзгерту үшін күш қолдануға дайындалып жатқаны барлығына түсінікті болуы керек" деді Пентагон жетекшісі. Ол АҚШ-тың Азиядағы одақтастарын қорғаныс шығынын арттыруға үндеді.
Хегсеттің айтуынша, Үнді-Тынық мұхиты аймағы Трамп әкімшілігі басымдық беріп отырған аймақтардың бірі.
Ал Еуропаның сыртқы саясат жөніндегі ведомство жетекшісі Кая Каллас Сингапурдағы форумда Украинадағы соғыс жалғасып жатқан шақта Ресей мен Қытай қарым-қатынасы нығаюына алаңдаушылық білдірді.
"Бұл қазіргі кезеңнің ең күрделі мәселесі" деді Каллас.
Ол Мәскеу мен Пекиннің "100 жылда байқалмаған өзгерістер көшін бастау" туралы мәлімдемелерін де атап өтті.
Каллас сонымен бірге Қытайды Ресейді қолдап отыр деп айыптады. Бұған дейін батыс елдерінің жетекшілері Пекин Мәскеуге қос мақсаттағы тауарларды жеткізіп отыр деп мәлімдеген. Мұндай тауарлар Ресейдің Украинаға қарсы соғысында пайдаланылуы мүмкін. Пекин бұл айыптауларды жоққа шығарып, тараптардың ешқайсысына көмектеспегенін айтқан. Ресей сыртқы істер министрлігі мұны жалған ақпарат деп атаған.