АҚШ Иранмен бейбіт келіссөздердің екінші кезеңіне өту үшін Тегеранға бес шарт қойды, деп хабарлады ирандық Fars агенттігі. Оның мәліметінше, Вашингтон Ираннан АҚШ-қа қарсы өтемақы талаптарынан толық бас тартуды, 400 келі байытылған уранды АҚШ-қа беруді және елде тек бір ядролық нысанның жұмысын сақтауды талап еткен.
Бұған қоса АҚШ Иран активтерінің тіпті 25% да бұғаттан босатуға дайын емес екенін білдірген. Вашингтон өзге аймақтардағы әскери қимылдардың тоқтатылуын да келіссөздердің барысымен байланыстырып отыр. Fars бұл талаптардың орындалуы АҚШ пен Израильдің Иранға жаңа шабуылдар жасамауына кепілдік бермейді деп жазды.
Бұған дейін Иран да келіссөздерді қайта бастаудың бес шартын ұсынған. Тегеран соғысты тоқтатуды, әсіресе Ливандағы қақтығыстарды доғаруды, Иранға қарсы санкцияларды алып тастауды, бұғатталған активтерді босатуды, келтірілген шығын үшін өтемақы төлеуді және Иранның Ормуз бұғазына қатысты егемендігін мойындауды талап еткен.
Мамыр айының басында Иран АҚШ-қа 14 тармақтан тұратын бейбіт жоспар жолдаған. Құжатта әскери әрекеттерді тоқтату, шабуыл жасамау кепілдіктері, теңіз блокадасын алып тастау және аймақтан америкалық әскерді әкету талаптары айтылған.
The Wall Street Journal басылымының жазуынша, екі тарап арасындағы негізгі келіспеушілік Иранның ядролық бағдарламасына қатысты болып отыр. АҚШ ядролық инфрақұрылым мен уран қорын шектеу бойынша шұғыл міндеттемелер талап етсе, Тегеран бұл мәселені бөлек форматта 30 күн ішінде талқылауды ұсынып отыр.
АҚШ президенті Дональд Трамп бұған дейін Иранның ұсыныстарын "қабылдауға келмейді" деп атаған. Ал Тегеран Вашингтонның реакциясы "ешқандай мәнге ие емес" деп мәлімдеген еді.