Исламабадта АҚШ пен Иран арасындағы күрделі келіссөз нәтижесіз аяқталды. Жабық өткен кездесулерден соң 12 сәуір күні таңертең АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс келіссөз "мазмұнды" өткенін, алайда Тегеран Вашингтонның шарттарын, соның ішінде негізгісі - ядролық қару жасамау туралы талапқа келіспегенін мәлімдеді.
"Біз ирандықтармен бірқатар мазмұнды талқылау өткіздік. Бұл жақсы жаңалық. Жаман жаңалық сол, біз келісімге келе алмадық, және бұл, АҚШ-қа қарағанда Иран үшін әлдеқайда жаман жаңалық деп ойлаймын", деді Джей Ди Вэнс кездесуден кейінгі баспасөз мәслихатында.
Ол АҚШ тарабы "қызыл сызықты" өте айқын етіп белгілегенін" айтты.
Вэнс АҚШ-тың Иранмен келіссөзінде ядролық ару мәселесі аса маңызды екенін және президент Дональд Трамптың басты мақсаты - Тегеранның қазір де, болашақта да ядролық қару иеленуіне жол бермеу екенін атап айтты. Вэнстің сөзінше, Исламабадтағы келіссөзде ирандықтар ядролық қару жасамауға деген ниеті байқалмаған.
Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Пәкістандағы АҚШ-Иран келіссөздерінің нәтижесіне алаңдамайтынын мәлімдеген болатын. Ол Иранға қарсы соғыста жеңіске жеткенін мәлімдеген.
"Біз келісімге келеміз бе, жоқ па, бәрібір. Шындығында, біз жеңдік", - деген Трамп Ақ үйде БАҚ өкілдеріне.
Иранның сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Исмаил Бағаи Исламабадтағы келіссөзде Ормуз бұғазы, соғыс шығындарын өтеу және Иранға қарсы әскери әрекеттерді толық тоқтату мәселелері көтерілгенін айтты.
Оның мәлімдеуінше, келіссөз нәтижелі болуы үшін АҚШ "шамадан тыс және заңсыз талаптардан бас тартуы" керек.
Тегерандағы мемлекеттік БАҚ та Вашингтонды "уәдесін бұзды" және "қасақана зиянды әрекеттерге барды" деп кінәлады.