АҚШ президенті Дональд Трамптың өкілдері Стивен Уиткофф пен Джаред Кушнер екі күннен бері Майамиде Украина ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс қызметінің хатшысы Рустем Умеров және Украина қарулы күштері бас штабының жетекшісі Андрей Гатовпен келіссөз жүргізіп жатыр. Бұл жөнінде дереккөзге сүйенген Axios жазды. Бұған дейін бұл кездесу жөнінде өзге ақпарат құралдары да жазған.
Майамидегі келіссөздің алдында Мәскеуде Ресей президенті Владимир Путинмен Уиткофф және Кушнер кездесіп, бес сағат келіссөз жүргізген. Одан кейін Ресей жағы ымыраға келмегенін айтқан.
Axios-дың жазуынша, Украина мен Ресейдің ұстанымдары бір-біріне қайшы көрінсе де, Америка өкілдері тіпті ең маңызды жер мәселесі бойынша келістіру жолын іздеп жатыр.
Басылымның жазуынша, Уиткофф пен Кушнер украин делегациясына Путинмен кездесудің жай-жапсарын айтқан. Бейсенбі күні екі жақ екі сағаттық кездесу өткізген, аты-жөнін атамаған АҚШ өкілі "жағымды" кездесу өткенін айтқан. Жұма күні келіссөз жалғасты, сенбі күні де жалғасатыны айтылды.
Трамп жұма күні Ресей мен Украинаның бейбітшілік келісіміне қол жеткізуінен үміттенетінін айтты.
Мәскеудегі келіссөзге қатысқан Путиннің көмекшісі Юрий Ушаков жұма күні берген сұхбатында Кремльде "конструктивті-достық атмосферада" кездесу өткенін, Путин мен Уиткофтың "айтпай жатып, бір-бірін өте жақсы түсінетін" деңгейге жеткенін тілге тиек етті. Ол бейбітшілік жоспары өзгерген жағдайда оның маңызды авторы Уиткофф емес, Трамптың күйеубаласы Джаред Кушнер болатынын атап өткен.