АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігі Қытай мен Еуропа Одағын қоса алғанда, бірқатар ірі сауда серіктестерінің тауарларына жаңа импорт бажын енгізуді жоспарлап отыр. Бұған дейін АҚШ Жоғарғы соты Трамп енгізген тарифтердің басым бөлігін заңсыз деп таныған еді.
Ең жоғары баж – 20 пайыздық алым Қытайдан әкелінетін тауарларға салынбақ. The New York Times газетінің жазуынша, егер Пекин Вашингтонмен жасалған сауда бітімінің шарттарын орындамаса, Трамп әкімшілігі баж мөлшерін 40 пайызға дейін көтеруі мүмкін екенін аңғартқан.
Еуропа Одағы үшін 15 пайыздық баж салу қарастырылған. Алайда қол қойылған сауда келісімдері сақталмаса, бұл көрсеткіш 20 пайызға дейін өсуі ықтимал. Дәл осындай бажды АҚШ-тың өзге де сауда серіктестеріне, соның ішінде Камбоджа, Үндістан, Оңтүстік Корея, Тайвань және Вьетнамға енгізу ұсынылды.
Жаңа тарифтер АҚШ Сауда өкілі басқармасы жүргізген тергеу қорытындысы бойынша енгізілмек. Тергеу шетел үкіметтері субсидиялар мен жеңілдетілген несиелер арқылы артық өндірісті ынталандыра ма, жоқ па – соны анықтау мақсатымен жүргізілген. АҚШ әкімшілігі ондай демеп-қолдау шетелдік компанияларға өнімді көбірек өндіріп, оны жасанды түрде арзандатылған бағамен сатуға мүмкіндік береді, сөйтіп америкалық бәсекелестерінің нарықтағы жағдайын әлсіретеді деп санайды.
1974 жылғы Сауда туралы заңның 301-бабына сәйкес, АҚШ үкіметі шетелдегі жосықсыз сауда тәжірибесін тергеп, соның нәтижесіне қарай баж енгізуге құқылы. Наурыз айында АҚШ президентінің әкімшілігі Жоғарғы сот жарамсыз деп таныған тарифтерді қайта қалпына келтіру мақсатында осындай екі тергеу басталғанын жариялады.
- 2026 жылы ақпанда АҚШ Жоғарғы соты Трамптың бірқатар елдерге баж енгізу үшін 1977 жылғы Төтенше экономикалық өкілеттіктер туралы заңды қолдануын өкілетті асыра пайдалану деп тапты. Сот шешіміне сай, бұл салықты төлеп қойған компаниялар Қаржы министрлігінен ақшасын қайтаруды талап ете алады. Қазірге дейін жүздеген фирма тиісті талап-арыз беріп үлгерді.
- 2025 жылы ақпанда Трамп Канада, Қытай және Мексика тауарларына баж енгізіп, мұны АҚШ шекарасы арқылы фентанил мен өзге де заңсыз есірткілердің өтуіне тосқауыл қою шаралары жеткіліксіз болды деп түсіндірді.
- Кейінірек Трамп барлық дерлік елден келетін импортқа ортақ 10 пайыздық баж, ал әкімшілік жосықсыз сауда жүргізеді деп санайтын мемлекеттерге одан да жоғары тарифтер енгізілетінін мәлімдеді.