Қазақстанның сыртқы істер министрлігі АҚШ-та жоғалып кеткен Қазақстан азаматы Әсет Құралбай өлі табылғанын ресми түрде растады. Мұны Қазақстанның сыртқы істер министрлігінің дерегіне сүйеніп ҚазТАГ хабарлады.
"Сыртқы істер министрлігі АҚШ-тың құзыретті органдары бұрын табылған адамның кім екенін анықтағанын растайды. Ол Қазақстан азаматы Әсет Құралбай екені анықталды. Біз оның отбасы мен достарына ауыр қайғыға байланысты шын жүректен көңіл айтамыз", делінген СІМ мәлімдемесінде.
СІМ қазір қазақстандық дипломаттар АҚШ-тың құзыретті органдарымен және марқұмның туыстарымен үнемі байланыста екенін, туыстарына құжаттарды рәсімдеу және марқұмды Қазақстанға жеткізу ісіне қатысты консулдық қызмет тарапынан көмек көрсетіліп жатқанын айтады.
Бұған дейін қазақстандық басылымдар Қазақстан азаматы Әсет Құралбай АҚШ-тың Чикаго қаласында жоғалып кеткенін жазған еді. Кейінірек Қазақстанның СІМ ол өлі табылғанын хабарлаған.