Accessibility links

АҚШ-тағы Конгресс сайлауында демократтар сенімді жеңіске жетті

Техас, 3 қараша, 2026 жыл.
Техас, 3 қараша, 2026 жыл.

3 қарашада өткен АҚШ Конгресі сайлауында Демократиялық партия, америкалық БАҚ-тың алдын ала есебі бойынша, Конгрестің екі палатасын да – Сенат пен Өкілдер палатасын бақылауына алды. Президент Дональд Трамптың партиясы – республикашылдар, соның ішінде бірқатар маңызды штаттарда жеңілді.

Дауыс санау әлі жалғасып жатыр, сондықтан екі партияның қанша орын алғаны әзірге, нақты белгісіз. Бірақ алдын ала мәлімет әрі қарай өзгеріс болса да, түбегейлі өзгеріс болмайтындай нәтижені көрсетіп отыр.

Болжам бойынша, демократтар Сенатта да, Өкілдер палатасында да айтарлықтай басымдыққа ие болуы мүмкін. Сенаттағы 100 орынның 55 немесе 56-сы демократтарға бұйыруы ықтимал. Ал Өкілдер палатасында көпшілікке ие болу үшін қажетті 218 орынның орнына олар 250 орынға дейін алуы мүмкін. Бұл – сайлау алдындағы сауалнамалар болжаған көрсеткіштен де жоғары нәтиже.

Демократтар бұған дейін жеңіске жету мүмкіндігі төмен бағаланған сайлау округтерінде де жеңіске жетті. Сайлау нәтижесі қоғамдық сауалнама көрсеткендей, сайлаушылардың көңіл күйінде елеулі өзгеріс болғанын аңғартады.

Бұл сайлау науқаны республикашылдар үшін кейінгі бірнеше онжылдықтағы ең ірі жеңілістерінің бірі болуы мүмкін.

АҚШ президенті Дональд Трамп New York Times басылымына берген сұхбатында егер демократтар жеңіске жетсе, Конгресс сайлауының нәтижесін мойындайтынын және Демократиялық партиямен әріптестікке дайын екенін мәлімдеді.

“Демократтармен бірлесе жұмыс істейміз. Мұндай ынтымақтастыққа қуана кірісеміз. Ортақ бір шешімін табармыз деп ойлаймын” деді Трамп.

Бұған дейін ол демократтар жеңіске жеткен жағдайда, олардың заңнамалық бастамаларына тосқауыл қойып, «вето қоюдың шеберіне» айналуы мүмкін екенін айтқан еді.

Fox News арнасына берген сұхбатында ол республикашылдардың жеңілісіне жанармай бағасының өсуі себеп болуы мүмкін екенін айтты. Бағаның қымбаттауына Таяу Шығыстағы жағдай әсер еткен. АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы әскери операциясынан кейін Ормуз бұғазы әлі де ішінара бұғатталған күйде қалып отыр.

Бұған дейін Трамп әкімшілігі бағаны тежеуге көмектеседі деген үмітпен Ресейдің дизель отынын санкциядан уақытша босатқан еді. Алайда бұл шара айтарлықтай нәтиже бермеді.

Демократиялық партиядан Сенатқа түскен кандидаттар республикашылдардың дәстүрлі тірегі саналатын Техас, Канзас және Оңтүстік Каролина штаттарында жеңіске жетті. Бұған қоса, Мичиган, Солтүстік Каролина және Огайо штаттарында да демократтар басым түсті. Бұл штаттардың барлығында 2024 жылғы президент сайлауында Дональд Трамп жеңіске жеткен болатын. Аляска мен Миссисипиде де демократтардың жеңіске жетуі мүмкін.

Демократтар сайлауалды науқанында Трамп әкімшілігін сынға алды. Олар билікті қоғамды жіктеді және Иранға қарсы соғысты қоса алғанда, сыртқы саясатта ойластырылмаған шешімдер қабылдады деп айыптады. Сондай-ақ республикашылдарды қоғамның тар ауқымды ауқатты тобының мүддесін ғана қорғайтын партия ретінде көрсетті.

Конгрестің мақұлдауынсыз бірде-бір заң қабылданбайды. Одан бөлек, Конгресс тексеру жүргізіп, лауазымды тұлғаларға импичмент жариялау рәсімін бастай алады. Ал Сенат әкімшілік қызметтерге ұсынылған кандидатураларды бекітеді.

Дегенмен Конгрестің президент әкімшілігінің саясатына, әсіресе сыртқы саясатына ықпал ету мүмкіндігі шектеулі.

Айдар
​
XS
SM
MD
LG