Accessibility links

АҚШ-тан "көші-қон заңнамасын бұзған" 26 өзбек азаматы депортацияланды

1 мамырда АҚШ-тан "көші-қон заңнамасын бұзған" 26 өзбек азаматы Ташкентке депортацияланды.

Өзбекстан сыртқы істер министрлігі жанындағы "Дүние" ақпарат агенттігінің хабарлауынша, бұған дейінгі рейстер тәрізді бұл жолғысын да америкалық чартерлік Omni Air International әуе компаниясы атқарған.

Ақпаратқа қарағанда, өзбек азаматтары жолда 36 сағат болған. Ұшақ АҚШ-тың Мексикамен шекарасындағы (Техас штаты) Эль-Пасо қаласынан 29 сәуірде жергілікті уақыт бойынша сағат 19:08-да ұшып шыққан. Жолда Балтимор (АҚШ), Ясенка (Польша), Кишинев (Молдова), Бухарест (Румыния) және Ереванға (Армения) қонған.

Ресми ақпаратқа қарағанда, "Өзбекстан мен АҚШ-тың уәкілетті органдарының жұмылып қимылдауының" арқасында өзбек азаматтары еліне қайтарылған.

Биыл қаңтарда дәл осы әуе компаниясы АҚШ-тан 44 өзбек азаматын еліне депортациялаған еді. Сол кезде бұл Дональд Трамп билікке келгелі бергі 11-ші рейс екені айтылған еді. Наурызда тағы 65 адам қайтарылды.

АҚШ-тан депортацияланған өзбек азаматтарының алғашқы легі былтыр ақпанда келген. Өзбекстан СІМ өзбек жағы өз азаматтарын депортациялау мәселесі бойынша Америка билігімен әріптестік орнатқанын хабарлаған.

Дональд Трамп АҚШ президенті қызметіне кіріскеннен кейін 2025 жылы қаңтарда оның әкімшілігі заңсыз мигранттарды депортациялау бойынша ауқымды бағдарламаны жүзеге асыра бастады. Ресми мәліметке қарағанда, Трамптың екінші мерзімінің алғашқы жылында АҚШ-тан 600 мыңнан астам адам депортацияланған, бұдан бөлек, елде заңсыз жүрген 1,9 млн азамат елден өз еріктерімен кеткен.

Айдар
XS
SM
MD
LG