Америка әскерінің соңғы легі – 2500 сарбаз сәрсенбі, 30 қыркүйек кешке дейін Ирактан кетеді. Мұндай шешімді 2024 жылы АҚШ президенті Джо Байден қабылдаған.
Пентагон жариялаған мәлімдемеде АҚШ-тың Иракта «Ислам мемлекеті» террористік тобымен (ДАИШ) күрес бойынша әскери миссиясы сәтті аяқталғаны жазылған. АҚШ қорғаныс министрлігі де Ирак қауіпсіздік күштері ДАИШ жақтастарымен күресті жалғастыратынына үміт білдірді. АҚШ Бағдадпен ынтымақтастық орнатуға, Ирак әскерін жаттықтыруға және олармен барлау ақпараттарымен бөлісуге уәде берді.
Ирак билігі әскердің шығарылуына орай төрт күн бойы «Тәуелсіздік күндерін» атап өтпек. Ирак премьер-министрі Әли әл-Зейд «1 қазан Ирак мемлекетінің жаңа бағытқа бұрылып, шетел әскерінен құтылып, толық егемендікке қол жеткізетін күні болады» деп мәлімдеді.
АҚШ 2003 жылы Иракқа қарсы әскери операция бастады, соның салдарынан Саддам Хусейн режимі құлады. Бірақ әскери операциялар тағы бірнеше жыл жалғасты. 2011 жылы Ирак соғысы аяқталғаннан кейін Ирактағы Америка әскерінің негізгі мақсаты «Ислам мемлекеті» және онымен байланысты содыр топтарға қарсы тұру болды.
Кейбір саясаттанушылар АҚШ кетсе, елде қарулы топтар қайта бас көтеруі мүмкін деп алаңдайды.
АҚШ мемлекеттік департаментінің жетекшісі Марко Рубио 24 қыркүйекте БҰҰ Бас ассамблеясы кезінде Бағдад елдегі қарулы топтарды, соның ішінде Иран қолдайтын топтарды бақылауда ұстай алмаса, Иракқа бөлшектену қаупі төнеді деді.
Халықаралық коалиция әскері Иракқа 2003 жылы кірген. Коалицияның әскери миссиясы 2021 жылы аяқталған, алайда АҚШ Ирактағы әскерін толық әкеткен жоқ, елде Американың бірқатар әскери базалары бар.
- Қазіргі кезде Иракта Түркия әсері де бар. Бұған дейін Анкара елдің солтүстігіндегі түрік әскери базаларын Ирак билігіне қайтару процесі басталады деп мәлімдеді.