Accessibility links

АҚШ Түркіменстан азаматтарына визалық шектеуді азайтты


АҚШ президенті Дональд Трамп Түркіменстан азаматтарына туристік, оқу және іскерлік виза алуға рұқсат етті. Алайда көші-қон визасы бойынша шектеулер күшінде қалды. Визалық реттеуге қатысты жаңа құжатты 16 желтоқсанда Ақ үй жариялады.

Құжатқа сүйенсек, "Түркіменстан АҚШ-пен өнімді ынтымақтасады және сәйкестендіру процедуралары мен ақпарат алмасуды жақсартуда айтарлықтай ілгерілеушілікке қол жеткізген". Осы себепті 9 маусымнан бері күшінде болған шектеулердің бір бөлігі алынған.

Енді Түркіменстан азаматтары B-1, B-2, B-1/B-2, F, M және J визалық категориялары бойынша АҚШ-қа бара алады. Бұл туристік, медициналық, академиялық, спорт, іскерлік және көші-қонға қатысы жоқ өзге де сапарлармен байланысты.

Желтоқсан басында Дональд Трамп әкімшілігі 19 ел азаматтарының көші-қонға қатысты өтініштерін қабылдауды тоқтатқан. Арасында Түркіменстан да болған. Шектеулер Ауғанстан, Гаити, Иран, Йемен, Конго республикасы, Ливия, Мьянма, Сирия, Сомали, Судан, Чад, Гвинея және Эритрея азаматтарына қатысты.

Ақпарат құралдарының жазуынша, бұған 26 қараша - Алғыс айту күні ұлттық гвардия жасағына жасалған шабуыл түрткі болған. АҚШ ішкі қауіпсіздік министрлігінің хабарлауынша, әскерилерге "2021 жылы тексерусіз елге өтіп кеткен" Ауғанстан азаматтарының бірі оқ атқан. Ертесінде АҚШ азаматтық және көші-қон қызметі Ауғанстанның барлық азаматтарының көші-қон өтініштерін қарауды тоқтатқанын хабарлады.

Біраз уақыттан кейін толық визалық шектеу енгізілген елдердің саны 20-ға жетті. 1 қаңтардан бастап мұндай шектеу Буркина-Фасо, Лаос, Мали, Нигер, Сирия, Сьерра-Леоне және Оңтүстік Судан, сонымен бірге жартылай танылған Палестина азаматтарына да қатысы болады.

АҚШ визалық шектеуді әзірге тек Түркіменстанға ғана азайтқан.

XS
SM
MD
LG