Ресей президенті Владимир Путинді биыл желтоқсанда Майамиде өтетін G20 саммитіне шақырған АҚШ президенті Дональд Трампқа АҚШ-тың өзара бәсекелес екі партиясының өкілдеріне жататын 14 сенатор хат жазып, ол ниетінен бас тартуын сұраған. Мұны америкалық заң шығарушылардың хатының мазмұнымен танысқан The Washington Post газеті жазды.
Трампқа үндеуді Сенаттың қарулы күштер жөніндегі комитетінің төрағасы, республикашыл Роджер Уикер және сыртқы қатынастар комитетінің мүшесі, демократ Джин Шахин дайындаған. Оларға әр партиядан тағы алты сенатордан қосылған.
Трампқа жазылған хатта Ресейдің Украинаға қарсы ауқымды басқыншылық соғыс бастағанына бүкіл жауапкершілікті Путин бір көтеретіні айтылған. "Оның АҚШ-тағы G20 саммитіне қатысуы Украинадағы азаматтық нысандарға күн сайын шабуылдап жатқан үкіметті заңды және қалыпты етіп көрсетеді деген елеулі алаңдаушылық тудырады" делінген құжатта.
Хат авторлары АҚШ Путинге, Ресейдің қаржы министрі Антон Силуановқа және Ресей делегациясының басқа мүшелеріне санкция салғанын еске салған. Сенаторлар егер АҚШ өз әрекеттерімен Путинді халықаралық қауымдастықтан оқшаулаудың қажеті жоқ екенін көрсетсе, ол Украинамен соғыста атысты тоқтатуға келісуге бәлендей ынталы болмауы мүмкін деп санайды.
G20 саммитіне Путин шақырылғанын өткен аптада АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио хабарлаған. Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Мәскеудің "америкалық тарапқа бұл шақыру үшін разы" екенін, бірақ жиынға қатысу туралы әлі шешім қабылдамағанын мәлімдеген еді.