Accessibility links

АҚШ-тың қорғаныс саласындағы жаңа стратегиясында Ресей "басқаруға болатын" қатер ретінде көрсетілген


АҚШ қорғаныс министрлігі ұлттық қорғаныстың жаңа стратегиясын жариялады. Онда жақын болашақта НАТО-ға мүше шығыстағы елдер үшін Ресей «тұрақты, бірақ басқаруға болатын қатер» күйінде қала беретіні жазылған.

"Ресей түрлі демографиялық және экономикалық қиындықтардан зардап шегіп жатса да, Украинада жалғасып жатқан соғыс оның әлі де болса әскери және өнеркәсіптік пәрмені барын көрсетіп отыр" деп жазылған құжатта.

Жаңа стратегияға сәйкес, Пентагон "Америка әскерінің Американы Ресей қатерінен қорғау дайындығын қамтамасыз етеді" және АҚШ "Еуропадағы әскери қимылдар театрындағы" ұстанымына өзгеріс енгізсе де, "НАТО-дағы маңызды рөлін жалғастыра бермек".

"Мәскеу Еуропада үстемдік ететіндей шамада емес. Еуропалық НАТО экономика ауқымы, халық саны, сәйкесінше әскери қуат бойынша да Ресейді басып озады" деп жазылған құжатта.

Стратегиядағы жеке бір бөлім "әлемдегі ең қуатты АҚШ-тан кейінгі екінші ел" Қытайға арналған. Құжатқа қарағанда, Пентагонның мақсаттарының бірі – Үнді-Тынық мұхиты аумағында Қытайды "конфронтация емес, күшпен" тежеу.

"Қытай өз ішінде экономикалық, демографиялық және әлеуметтік ірі мәселелерге тап болғанымен оның қуаты артып жатыр, бұл факт... Қытай егер қаласа, өз әскеріне бұдан да көбірек қаражат жұмсай алады және оны тиімді істей алатынын да бұған дейін дәлелдей алды" деп жазылған стратегияда.

Стратегияға қарағанда, Пентагон Қытай үстемдігіне жол бермес үшін "Үнді-Тынық аумағында әскери қуатының жағымды балансын сақтауы керек".

"Үнді-Тынық аймағы жақын арада әлем экономикасының жартысынан астамын құрамақ. Осылайша, Америка халқының қауіпсіздігі, еркіндігі мен гүлденуі біздің Үнді-Тынық аумағында күшті ұстаным тұрғысынан саудаласып, өзара ықпалдастық жасау қабілетімізге тіке байланысты" деп жазылған құжатта.

Ұлттық қорғаныс стратегиясы мен бұған дейін Ақ үй жариялаған ұлттық қауіпсіздік стратегиясы "Америка бәрінен бұрын" постулатына негізделген. Оның фокусы ішкі қауіпсіздік пен одақтастарға көмекті азайту.

XS
SM
MD
LG