Accessibility links

АҚШ ұлттық барлау қызметінің басшысы қызметінен кетті

Тулси Габбард
Тулси Габбард

АҚШ ұлттық барлау қызметінің басшысы Тулси Габбард қызметінен кетті. Бұл жөнінде жұма күні Fox News хабарлады. Габбардтың өзі кейінірек ақпаратты растап, X желісінде отставка туралы өтінішін жариялады.

“Ұлттық барлау қызметінің басшысы ретінде Америка халқына қызмет ету мен үшін үлкен құрмет болды” деп жазды Габбард.

Мәлімдемеде Габбард күйеуіне «сүйек рагының өте сирек кездесетін түрі» диагнозы қойылғанын жазып, оны қолдау үшін қызметінен кетуді жөн көргенін жеткізді.

Габбард әкімшіліктен 30 маусымда кетеді.

АҚШ президенті Дональд Трамп Тулси Габбардтың орынбасары Аарон Лукас Ұлттық барлау қызметінің директоры міндетін атқаратынын мәлімдеді. Ол Габбардтың «тамаша жұмыс атқарғанын» атап өтті.

Reuters дереккөзге сүйене отырып, Ақ үй Габбардты қызметінен кетуге мәжбүрлегенін жазды. Сәуір айында Трамп бас прокурор Пэм Бондиді қызметінен босатқан. Reuters дереккөздерінің айтуынша, Иранмен соғысқа қатысты қысым артқан шақта Трамп кабинетін қайта жасақтауды жоспарлап отыр. Агенттіктің дереккөздерінің бірі Трамптың кейінгі айларда ұлттық барлау қызметі басшысының жұмысына көңілі толмай жүргенін айтқан.

Габбард 2025 жылдың ақпан айында Ұлттық барлау қызметінің басшысы болып тағайындалды. Көп ұзамай ол үкіметтік чат платформасында саясат, полиамориялық қарым-қатынас және жынысты ауыстыру бойынша операцияларды талқылаған 100-ден астам қызметкерді жұмыстан шығарды. Габбард барлау қызметі қызметкерлерін 40%-ға жуық бөлігін қысқартуды жоспарлаған.

2013 жылдан 2021 жылға дейін ол Гавайидан Конгреске сайланған Өкілдер палатасының мүшесі болды. Оған дейін ол АҚШ әскерінде қызмет етіп, ол жақтан подполковник шенімен кеткен. Габбард АҚШ-тың шетелдегі әскери және саяси қақтығыстарға араласуына бірнеше рет қарсылық білдірген.

Айдар
XS
SM
MD
LG