13 желтоқсанда АҚШ-тың Род-Айленд штаты Провиденс қаласы Браун университетінде емтихан кезінде болған атыстан кемінде екі адам қаза болды, 8 адам жарақаттанды. Тағы бір адам жеңіл жарақаттанды. Күдіктіні полиция іздеп жатыр деп хабарлады BBC сайты.
Браун университеті - АҚШ-тағы беделді жекеменшік университеттердің бірі. Ол елдегі ең көне оқу орындарының біріне де жатады.
Атыс инженер және физика факультеті ғимаратының бірінші қабатындағы аудиториялардың бірінде болған. Студенттердің бірі жергілікті телеарнаға полиция операцияны аяқтағанша екі сағат бойы парта астында тығылуға мәжбүр болғанын айтқан.
АҚШ президенті Дональд Трамп атыстан хабардар екенін жеткізді. "Не деген сұмдық оқиға. Қазір қолымыздан құрбандар үшін дұға жасау ғана келеді. Бұл масқара жайт" деді ол журналистерге.
Провиденс қаласының мэрі Бретт Смайли журналистерге күдікті ұсталмағанын, құрбандар саны артуы мүмкін екенін айтты.
Ресми тұлғалар қара киім киген ер адамды іздеп жатқанын хабарлады. Жергілікті полиция өкілі Тимоти О'Хар күдіктінің аты-жөні анықталмағанын, дегенмен ғимараттан шыққан кезде бақылау камерасына түсіп қалғанын айтты. Полицияның болжамынша, оның жасы шамамен 30-да.
Биліктің айтуынша, шабылдаушы инженерлер корпусында емтихан тапсырып жатқан студенттерге оқ атқаннан кейін тығылған. Оқиға орнынан ешқандай қару табылмаған.
Род-Айленд штатының губернаторы Дэниел Макки күдікті міндетті түрде ұсталып, жазаға тартылады деді.
"Соншама адамға зардап әкелген адамды міндетті түрде ұстаймыз" деді ол.
Жергілікті ақпарат құралдарына сүйенген Reuters-тің жазуынша, Провиденс орталығында мереке мен концерт қарсаңында адам көп болғандықтан осы жайт қылмыскерді ұстауды қиындатқан.
Агенттік АҚШ-та қару-жараққа қатысты әлемдегі ең еркін заң күшінде болғандықтан мұнда оқу орындарында өзге елдерге қарағанда көп атыс болатынын еске салады.
The Gun Violence Archive ұйымының мәліметінше, биыл АҚШ-та 389 атыс болған, алтауы оқу орнында болған. Былтыр 500-ден астам оқиға тіркелген.