Маңғыстау облысының денсаулық сақтау басқармасы ұшақ апатынан зардап шеккен 12 адам түрлі дәрежедегі жарақатпен Ақтаудағы облыстық ауруханаға жеткізілгенін хабарлады. Олардың біреуі – бала.
Әзербайжан астанасы Баку қаласынан Ресейдің Грозный қаласына бара жатқанда апатқа ұшыраған ұшақта жолаушылар мен экипаж мүшелерін қосқанда 67 адам болған.
Қазақстанның көлік министрлігі Ақтау маңында апатқа ұшыраған ұшақта 62 жолаушы және 5 экипаж мүшесі болған деп хабарлады.
Қазақстанның денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова журналистерге Ақтау маңындағы ұшақ апатынан алты адам тірі қалғанын, бірақ олардың жағдайы ауыр екенін хабарлады. Министрдің сөзінше, Ақтауға санавиация ұшағымен травматолог, нейрохирург және өзге де мамандар жіберілмек.
Жолаушы ұшағы құлар алдында аспанда біресе төмендеп, біресе көтеріліп ұшып жүргенін жергілікті тұрғындар көріп, смартфонға түсіріп алған.