Ақтаудағы ұшақ апатына "оқ-дәрі бөлігінің зақымдаушы элементтері" әсер еткен болуы мүмкін. Қазақстан көлік министрлігінің көліктегі оқиғалар мен оқыс оқиғаларды тергеп-тексеру департаменті былтыр желтоқсанда Ақтау маңында құлаған Azerbaijan Airlines компаниясы ұшағының апат себептерін анықтау бойынша аралық хабарламасында осындай қорытынды жасады.
"Жарылғыш заттардың іздері табылған жоқ. Зерттеуге ұсынылған үш оттегі баллонында жарылыс іздері жоқ. Әуе кемесінің зақымдануы болжам бойынша оқ-дәрі бөлігінің зақымдаушы элементтері әсерінен болуы мүмкін. Алайда олардың нақты тиесілігін анықтау мүмкін емес" делінген қорытындыда.
Бұл әзірге аралық қорытынды. Былтыр 26 желтоқсанда Қазақстан көлік министрінің бұйрығымен құрылған апат себептерін тергеп-тексеру жөніндегі комиссия әлі жұмысын жалғастырып жатыр. Комиссия жұмысына Әзербайжан, Ресей, Бразилия өкілдері және Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ИКАО) бақылаушысы қатысады.
Комиссия қорытындысы бойынша ұшақтың гидравликалық жүйесі "қатты заттар жанасуынан металлдың жыртылуы" салдарынан бүлінген.
Комиссия ұшақтың орталық техникалық қызмет көрсету компьютерінің кассетасындағы деректерді саралай алмаған. Оған "термиялық әсер", яғни құрылғының жоғары температура салдарынан бүлінуі себеп болған.
Комиссия апат салдарын зерттеу мақсатында борттың өзін-өзі жазғыштарын, ұшу параметрлерін, борттың өздігінен жазу құрылғыларын оқып, зеттеген және оқиға болған жерде фото, видеотүсірілім жасаған.
Құжатта комиссияның түпкілікті есебі Қазақстан көлік министрлігінің сайтында жарияланатыны айтылған. Бірақ нақты мерзімі көрсетілмеген.
2024 жылғы 25 желтоқсанда J2-8243 рейсімен Бакуден Шешенстан орталығы Грозныйға ұшып шыққан Embraer ұшағын Ақтау түбіне құлаған. Оқиға салдарынан 38 адам қаза тауып, 29-ы түрлі жарақат алған.
Қаза тапқан 38 адамның алтауы – Қазақстанның, 25 адам – Әзербайжанның, жетеуі - Ресей азаматтары.
Бастапқыда апаттың себебі жөнінде түрлі долбар болды. Ұшаққа Ресей аумағында оқ атылған болуы мүмкін деген болжам айтылғанда, Қазақстанның ресми өкілдері мұны "хайп қуу" деп атап, сын айтқан .
Кейін Әзербайжан президенті Илхам Әлиев апатқа "Ресейдің өкілдері жауапты" деп мәлімдеді. Әлиев Ресейден кінәсін мойындауды және осы оқиғаға кінәлілерді жазалауды талап етті. Ресей президенті Владимир Путин Әзербайжан ұшағының апатқа ұшырауына байланысты кешірім сұрағанымен , жауапкершілікті мойнына алмай келген еді. Тек биыл 9 қазанда Душанбеде Илхам Әлиевпен кездесу кезінде апат Ресей әуе қорғаныс күштері атқан зымыраннан болғанын мойындаған.
Биыл 4 ақпанда Қазақстан Ақтаудағы ұшақ апатын тексерудің алдын ала қорытындысын жариялады. Көлік министрлігі мен ұшақ апатын зерттеу жөніндегі комиссия "ұшақ қаптамасындағы тесіктер сырттан бөгде заттар тигенін көрсетеді" деп жазған.