Accessibility links

Ақтөбе ферроқорытпа зауыты жұмысшылары жалақыны өсіруді талап етті. Басшы "кейін" деп уәде берді

20 қазанда Ақтөбе ферроқорытпа зауытының ондаған жұмысшысы кәсіпорын басшылығына жалақы көлеміне байланысты талап қойып жиналды деп хабарлады жергілікті басылымдар. Олар өндірістік жоспар өсіп жатқанымен, жұмысшылардың жалақысы жылдар бойы өзгермей келе жатқанына наразылық білдірген.

Жұмысшылар күнделікті тұтынатын азық-түлік пен өзге де заттар қымбаттап жатқандықтан өмір сүру қиындап кеткенін айтып шағынған. Өздерінің айтуынша, зауыт қызметкерлерінің басым бөлігі 380 – 400 мың теңге (845 – 890 доллар), балқытушылар 500 – 600 мың теңге (1 110– 1 330 доллар) шамасында айлық алады, бірақ бұл ақша қазір отбасын асырауға жетпей қалды дейді олар. Кейбірі тіпті табысы азайып кеткенін айтты деп жазды holanewskz телеграм-арнасы.

"Үш жыл бойы сол жалақы. Азық-түлік қымбаттап кетті. Балаларымыз дұрыс тамақ ішуден қалды. Сондықтан бәріміз осында жиналдық", – деген наразылардың бірі.

Жұмысшылар кәсіпорын басшылығынан жалақы мен еңбек демалысы мәселелерін шешуді талап еткен.

Наразы жұртпен кездескен "Қазхром" трансұлттық компаниясының бас директоры Ержан Абдулабеков кәсіпорынның кокс пен электр энергиясына жұмсайтын шығындары көбейгенін айтып, ал өнім бағасы бұрынғы деңгейде қалды деп түсіндірген. Ол үлесінің 40 пайызы мемлекетке тиесілі кәсіпорындағы жалақыны көтеру мәселесі арнайы келісуді қажет ететінін алға тартып, жұмысшылар жалақысы жаңа жылдан кейін көтеріледі деп уәде еткен. Басшы еңбекақының нақты қаншаға өсетіні кәсіпорынның жыл аяғындағы жұмыс қорытындысына қарай анықталатынын айтқан.

Ақтөбе ферроқорытпа зауытының түпкілікті иесі – Eurasian Resources Group (ERG) компаниясы жұмысшылардың талап-тілегі ескерілетінін хабарлады деп жазды сейсенбі күні "Курсив".

"Айтылған ұсыныстар мен үндеулер қаралатын болады. "ҚазХромда" жалақы көлемін қайта қарау жылда 1 қаңтарда жүргізіледі. 2022 жылдан бері кәсіпорын қызметкерлерінің орташа еңбекақысы 79% ұлғайған", – деген ERG.

Әйткенмен компания еңбекақының ары қарай өсуіне кәсіпорынның қаржы мүмкіндігі мен ағымдағы жағдай әсер ететінін атап көрсеткен.

  • Eurasian Resources Group (ERG) — Қазақстанның түрлі салалары мен аймақтарындағы кәсіпорындарды біріктіретін ең ірі өнеркәсіп холдингтерінің бірі. Көп жыл бойы компания экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевқа жақын "ескі гвардия" олигархтарының – Александр Машкевичтің (2025 жылғы наурыз айында қайтыс болған), Патох Шодиевтің және Әлижан Ибрагимовтың (2021 жылы қайтыс болған) бақылауында болды.
  • Биыл жазда ERG менеджерлер кеңесінің құрамына Патох Шодиев пен Александр Машкевичтің мұрагерлерінің үлесін сатып алған кәсіпкер Шахмұрат Мүтәліп кірді. Ол жиынтығы 39,3% акцияларға иелік етеді.
  • ERG-дің өзге акциялары мемлекет (40%) пен Ибрагимовтар отбасына (20,7%) тиесілі.
Айдар
​
XS
SM
MD
LG