Accessibility links

Ақтөбе облыстық әкімдігіндегі өрт электр желісіндегі ақаудан шыққан болуы мүмкін – төтенше жағдай қызметі

Ақтөбе облысы әкімдігі ғимараты
Ақтөбе облысы әкімдігі ғимараты

Ақтөбе облысы әкімдігі ғимаратында 7 сәуір кешке өрт, алдын ала болжам бойынша, электр желісіндегі ақаудан шыққан болуы мүмкін, ал нақты себебі өрт-техникалық сараптамадан кейін белгілі болады. Бұл туралы 8 сәуірде облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Евгений Овчарский баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп жазды жергілікті "Диапазон" басылым.

Овчарскийдің айтуынша, өрттен ғимараттың негізгі ішкі бөліктері зақымданбаған, тек шатыры жанып, бүлінген. Шатыр астында тез тұтанатын материалдар болмаған, керамикалық жабын жоғары температура әсерінен тек жарылған, деді ол.

Төтенше жағдайлар қызметінің мәліметінше, 7 сәуір күні кешке облыс әкімдігі орналасқан алты қабатты ғимараттың шатырында өрт шығып, шамамен 300 шаршы метр аумақты алған. Суыт хабар түскеннен кейін оқиға орнына жеткен құтқарушылар бірден үш өрт ошағын анықтаған. Өрт сағат 22:00-ден кейін өшірілген. Ғимарат конструкциясының ерекшелігі жұмысты қиындатқанымен, өрттің төменгі қабаттарға таралуына жол берілмеді, деп хабарлады ТЖ департаменті.

Облыс әкімі Асхат Шахаров өрт жұмыс күні аяқталар алдында шыққанын, ғимарат ішінде тек күзет қызметкерлері болғанын айтты. Ресми дерек бойынша, оқиғадан зардап шеккендер жоқ, құжаттар мен мүлік бүлінбеген.

ТЖД өкілдерінің мәліметінше, ғимаратқа соңғы бақылау тексерісі 2024 жылы жүргізіліп, сол кезде анықталған жеті бұзушылық екі ай ішінде толық жойылған. Ғимараттағы өрт дабылы жүйесі де толық жұмыс істеп тұрған.

Қазір өрттен келген материалдық шығын көлемі анықталып жатыр.

Айдар
XS
SM
MD
LG