Accessibility links

Ақтөбе облысында "Қазхром" шахтасында жұмысшы қаза болды

Ақтөбе облысында «Қазхром» шахтасында жұмысшы қаза болды. Компанияның хабарлауынша, 29 қазанда ERG құрамындағы «Қазхром» компаниясының Дөң тау-кен байыту комбинатына қарасты Қазақстан Тәуелсіздігінің 10 жылдығы атындағы шахтасында вагондарды тіркеу кезінде жұмысшы жарақаттанып, ауруханаға жеткізілген. Жұмысшы ауруханада көз жұмды. Компания марқұмның отбасына көмек көрсетуге уәде берді.

«Қазіргі уақытта оқиғаның себептері мен мән-жайы анықталып жатыр. Тергеу қорытындысы туралы қосымша ақпарат беріледі» деп жазылған компанияның хабарламасында.

Соңғы 9 күнде компанияның шахтасында осымен екінші рет қайғылы оқиға болып отыр. 20 қазанда осы комбинаттың шахтасында шахта опырылып құлап, 24 жастағы жұмысшы қаза болды.

“Қазхром” – Eurasian Resources Group (ERG) тиесілі кәсіпорын. Қазақстанның түрлі салалары мен аймақтарындағы кәсіпорындарды біріктіретін ең ірі өнеркәсіп холдингі ұзақ жыл бойы экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевқа жақын "ескі гвардия" олигархтарына тиесілі болған. Биыл жазда ERG менеджерлер кеңесінің құрамына Патох Шодиев пен Александр Машкевичтің мұрагерлерінің үлесін сатып алған кәсіпкер Шахмұрат Мүтәліп кірді. Ол жиынтығы 39,3% акцияларға иелік етеді. ERG-дің өзге акциялары мемлекет (40%) пен Ибрагимовтар отбасына (20,7%) тиесілі.

Айдар
​
XS
SM
MD
LG