Accessibility links

Ақтөбеде белсенділердің митинг туралы өтініші мақұлданды

Әкімді ғимараты. Көрнекі сурет.
Әкімді ғимараты. Көрнекі сурет.

Ақтөбеде белсенділердің бейбіт митинг өткізу туралы өтініші мақұлданды. 3 желтоқсанда өтетін шарада қатысушылар азаматтардың әлеуметтік-экономикалық құқықтарын қорғауды, мүгедектігі бар азаматтарды қолдау мәселесін, сонымен бірге демократиялық реформаны жүргізуді қозғамақ. Бұл жөнінде құқық қорғаушы Мұсағали Дауылов желіде хабарлады.

Митинг Ақтөбенің Астана ауданындағы "Авиатор саябағында" сағат 10:00-ден 11:55-ке дейін өтеді.

"3 желтоқсан - Халықаралық мүгедектігі бар адамдарды қорғау күні. Осы күні 2026 жылдың 3 желтоқсанында Ақтөбеде ресми түрде рұқсат етілген бейбіт митинг өтеді. Біздің мақсатымыз - еліміздегі адами қадір-қасиет пен әлеуметтік әділеттілікті анықтайтын мәселелерді ашық, заңды және өркениетті түрде қозғау" деп жазды Дауылов.

Қатысушылар мүгедектігі бар адамдарға кедергісіз орта құру, инклюзивті білім, сапалы медициналық көмек, реабилитация және әділетті әлеуметтік жәрдемақы тағайындау, тең еңбек жағдайымен қамтамасыз ету, лайықты жалақы, баспана мәселесін көтермек. Олар сонымен бірге мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы ашық диалог орнату мәселесін де айтпақ.

Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожинаның айтуынша, Мұсағали Дауылов митингке рұқсат етілгені жөнінде жазба жариялағаннан кейін белсендінің Facebook, Instagram және Threads-тегі аккаунттары бұғатталған.

Кейінгі кезде Қазақстанда әкімдіктердің бейбіт митингілерге рұқсат беруі сиреді. Билік 2020 жылы қабылданған "Бейбіт жиын өткізу тәртібі" туралы заңды "демократияға қадам" деп атағанмен құқық қорғаушылар онда азаматтардың бейбіт жиналу құқығын жүзеге асыруға кедергі келтіретін тетіктер сақталып қалғанын айтады..

Айдар
​
XS
SM
MD
LG