Ақтөбе облысында төбелесте қаза болған жасөспірімнің жақындары облыс әкімі Асхат Шахаров пен облыс прокуроры Марат Әбішевке, облыстық полиция департаментінің басшысы Қайыркен Әлиевке үндеу жасап, тергеуді әділ жүргізуді сұрады.
20 наурызда Ақтөбе облысы Шалқар қаласында түнде жастар арасында ірі төбелес болған. Желідегі ақпаратқа қарағанда, жанжал кезінде пышақ және қару пайдаланылған болуы мүмкін, дегенмен ақпарат ресми түрде расталмады. Төбелестің салдарынан 17 жастағы жасөспірім Әлихан Жәнібек қаза болды.
"Жастардың төбелесіне қатысты қылмыстық іс қозғалды, төбелестің салдарынан оған қатысушылардың бірі қаза болды. Жанжалға қатысы бар барлық тұлға анықталып, заңнамаға сәйкес, құқықтық баға беріледі. Тергеу барысы полиция департаментінің бастығының бақылауында" деп жазылған Ақтөбе облыстық полиция департаментінің хабарламасында.
Полициядағылар жанжалдың жай-жапсары анықталатынын айтқан.
21 наурыз күнгі үндеуде жасөспірімнің туыстары 17 жастағы Әлихан Жәнібекұлының Шалқарда бұрыннан бар жастар арасындағы жікшілдіктің құрбаны болғаны жазылған.
"Жасөспірімдердің аудан-ауданға бөлініп, топтасып төбелесуі Шалқарда көп жылдан бері жойылмай, тыйылмай келе жатқан проблема. Бірақ осы кезге дейін қаншама бала қаза тапса да, топтасып төбелесуге тыйым болмай тұр" деп жазды үндеу авторлары.
"Кей мәліметтерге қарағанда, шалқарлық жасөспірімдер осы оқиға болардан бұрын бірнеше күн қатарынан өзара шекісіп жүрген. 20 наурызға қараған түні бір топ бала жиналып келіп, олардың бірі ұлымның жүрек тұсына пышақ сұғып алады. Жастар жауапкершіліктен қорқып бет-бетіне қашып кеткенде Әлихан қансыраған күйі көшеде жалғыз қалып қойған. Кездейсоқ адам көріп қалып, ауруханаға апара жатқанда жолай жан тапсырады. Осыған орай сіздерге Үндеу жолдауға мәжбүрмін.
Кей деректерге қарағанда, оқиға орнында екі тараптан кемінде 14-15 бала болған. Қазіргі уақытта бір ғана күдікті ұсталып, қалған қатысушылардың әрекетіне тиісті құқықтық баға берілмей отыр. Алайда оқиғаның мән-жайы бұл әрекеттің топ болып жасалғанын және қоғам үшін аса қауіптілігін көрсетеді" деп жазылған
Үндеу авторлары:
- қылмыстық істің дұрыс дәрежеленуін қамтамасыз етуді;
- оқиғаға қатысқан барлық тұлғаларды заң аясында жауапкершілікке тартуды;
- тергеудің толық, жан-жақты және объективті жүргізілуін қамтамасыз етуді;
- туыстарына заңда белгіленген тәртіппен толыққанды ақпарат беруді сұраған.
Жасөспірімнің туыстары іс ауыр немесе аса ауыр қылмыс бабы бойынша тергеуді талап етті.
Жақындарының хабарлауынша, Әлихан Жәнібекұлы – отбасындағы үш баланың ортаншысы. Шешесі —мұғалім, әкесі—теміржолшы. Әскерге баратын күнін асыға күтіп жүрген еді дейді олар.
Ақтөбе облыстық әкімдігі әзірге үндеуге реакция білдірмеді.