Бейсенбі күні Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей президенті Владимир Путинді салтанатты жағдайда қарсы алды. Кейінгі бір жарым жылда осымен екінші рет мемлекеттік сапармен келген Ресей басшысының құрметіне Қазақстан қарулы күштерінің әскери ұшақтары әуеде Ресей туын бейнелейтін ақ, көк және қызыл түсті жолақ із тастап ұшып өтті, құрмет қарауылы сап түзеп, екі елдің мемлекеттік әнұрандары шырқалды.
Бұдан кейін екі елдің ресми тұлғаларының қатысуымен алдымен шағын құрамда, кейінірек кеңейтілген құрамда келіссөз өтті, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Тоқаев Путиннің мемлекеттік сапары екі ел арасындағы "ерекше сипаттағы қатынастардың" дәлелі екенін, Қазақстан үшін Ресеймен достық және одақтастық байланыстардың "маңызы ерекше" екенін айтқан.
"Біздің елдеріміздің арасында қандай да бір даулы мәселелер жоқ. Тек оң динамика бар және біз ынтымақтастықты жаңа идеялар мен жобалар арқылы үздіксіз дамытып келеміз", деген Тоқаев.
АЭС ҚҰРЫЛЫСЫ ЖАЙЛЫ КЕЛІСІМДЕР
Келіссөздер аяқталған соң Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясын салу бойынша Ресей мен Қазақстан арасындағы үкіметаралық келісімге және жобаны қаржыландыруға арналған мемлекеттік экспорттық несие туралы келісімге қол қойылды. Құжаттарға Қазақстанның Атом энергиясы агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев пен Ресейдің "Росатом" мемлекеттік корпорациясының бас директоры Алексей Лихачев қол қойды.
"АЭС құрылысы туралы келісімнің стратегиялық мәні жөнінде айта беру артық. Бұл бәріне түсінікті. Біз – достас, бауырлас елдерміз. Ортақ бай тарихымыз бар, мәдени дәстүрлеріміз бен халықтарымыздың менталитеті бір біріне ұқсас... Біз халықтарымыздың түпкілікті мүддесіне сай жұмыс істейміз. Азаматтарымыз мемлекеттеріміздің достығы мен ынтымағы сақталғанын қалайды. Одан әрі өркендеу үшін баршамызға бейбітшілік қажет" деген Тоқаев бейсенбі күні Путинмен кездесуде.
Бұдан бөлек, Путин мен Тоқаев "Қазақстан мен Ресей халықтарының достығы мен тату көршілігінің жеті негізі туралы" бірлескен мәлімдемеге қол қойды.
"Инфрақұрылым құрылысын ескере отырып, жалпы алғанда, екі блоктың өзіне шамамен 16,5 миллиард доллар жұмсалады. Шамамен 2 миллиард доллар физикалық қауіпсіздік жүйесі мен әлеуметтік инфрақұрылымға жұмсалады", деген бейсенбі күні Алмасадам Сәтқалиев.
Ол басқаратын Атом энергиясы агенттігі жоба үкіметаралық келісімдер бойынша экспорттық несие арқылы қаржыландырылады деп жоспарланғанын нақтылады.
Сәтқалиевтің айтуынша, бірінші энергоблогы 2034 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланған АЭС құрылысына дайындық жұмыстары басталып кеткен: қазіргі уақытта инженерлік зерттеулер жүргізіліп жатыр, ал 2027 жылы құрылыс жұмыстарын бастау көзделіп отыр.
Бұған дейін Сәтқалиев алдын ала есеп бойынша қуаты 1200 мегаваттан болатын екі энергоблоктың құрылысына шамамен 15 миллиард доллар қажет болуы мүмкін деп айтқан еді.
Қазақстан билігі АЭС салуды елдегі электр энергиясына деген сұраныс артуымен және энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету қажеттігімен түсіндіреді. Қоғамда АЭС салуға қарсылар да бар. Олар жобаның экономикалық тиімділігіне күмән келтіріп, экологияға қатер төндіреді және Қазақстанды Ресей технологиясына кіріптар етеді деп санайды.
"ІРІ ИНВЕСТОР"
Путиннің осы жолғы сапары аясында Қазақстан мен Ресей арасында білім беру, мұнай саласы, қаржы мониторингі, көлік логистикасы және цифрландыру бағыттарында да бірқатар екіжақты құжаттарға қол қойылды.
"Ресей — Қазақстан экономикасындағы ең ірі инвестор. Қазақстанның Ресей экономикасына салған инвестициясы 9 миллиард доллардан асты. Қазір жалпы құны шамамен 53 миллиард доллар болатын 177 бірлескен жоба қалыптастырылды. Оның 122-сі іске асырылып, операциялық кезеңге өтті", деп мәлімдеген Тоқаев бейсенбідегі кездесуде.
Қазақстан президенті көрші екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстардың да маңызын атап өткен. Ол жастар арасындағы гуманитарлық байланыстарды дамытуды көздейтін "Болашақ ойындары" халықаралық жобасы мен Ресейдің "Сириус" білім беру бастамасына қолдау білдірген.
Сонымен бірге Тоқаев "Орталық Азия – Ресей" форматының маңызы артып келе жатқанын айтқан.
"Қазір әлем назары Орталық Азия өңіріне ауып отыр. Сондықтан бұл форматты одан әрі нығайту қажет деп санаймын", деді Тоқаев.
Путин Мәскеу мен Астана арасындағы ынтымақтастық "теңдік пен өзара құрмет қағидаттарына" негізделген деп мәлімдеді. Қазіргі уақытта 70 бірлескен инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатқанын айтқан Путин бұл "ынтымақтастықтың бастамасы ғана" деген.
Қазақстан пен Ресей президенттері келіссөзде Еуразия құрлығындағы қауіпсіздік мәселесін де талқылағанын бейсенбі күні баспасөз мәслихатында Тоқаев мәлімдеді.
"Әлемдік саясатта тұрақсыздық белең алған шақта мемлекетаралық серіктестіктің орнықты әрі түсінікті үлгісі айрықша құндылыққа айналды. Қазақстан мен Ресейдің қарым-қатынасы бұл мақсатқа толық сай келеді. Өйткені ол уақыт тезінен өткен және жаңа дәуірдің сын-қатерлеріне төтеп беріп отыр", деді Қазақстан президенті.
Тоқаев Еуразия құрлығының қауіпсіздігіне қатысты нақты не мәселе талқыланғанын ашып айтпады. Қазір Еуразия аумағында екі ірі қақтығыс – Ресейдің Украинаға басқыншылық соғысы мен Таяу Шығыста соғыс жүріп жатыр.
Қазақстанға 27 мамыр күні түстен кейін ұшып келген Путинді Астана халықаралық әуежайында Тоқаев өзі күтіп алған еді.
"ПУТИНГЕ ҚҰРМЕТТІ КӨРСЕТУ"
Азаттық Ресей президенті Путиннің Қазақстанға мемлекеттік сапарын бұрынғы дипломат Қазбек Бейсебаевпен талқылады.
Азаттық: Шектеу болмаса да көп жағдайда президенттер бір мерзімде өзге бір елге мемлекеттік сапар деңгейінде бір рет қана барады. Мысалы, Путиннің соңғы мерзімі 2024 жылдың сәуір айынан басталады. Сол жылы ол қарашада Қазақстанға мемлекеттік сапар статусымен келген. Бұл сапары да мемлекеттік деңгей. Бір мерзім ішінде ол неге екінші рет осындай статуспен келіп отыр? Дипломатия маманы ретінде қысқаша түсіндіріп беріңізші, бұл қай тарапқа көбіне маңызды?
Қазбек Бейсебаев: Бұл Ресейдің біз үшін ерекшелігін көрсетеді. Ресей президентін құрметтеп, жоғары деңгейге көтеріп, соны көрсетіп жатырмыз. Бұл, бір жағынан, саяси белгі.
Азаттық: Путин Қазақстанға кеше, 27 мамырда келген. Әуежайдан күтіп алғаны болмаса ресми түрде іс-шара кеше болған жоқ. Путин кешегі күнді бейресми форматта екі президент бірге өткізгенін айтты. Дипломатияда, әсіресе Қазақстан мен Ресейдің жағдайында осындай бейресми кездесулердің маңызы қандай?
Қазбек Бейсебаев: Бұл өте маңызды, себебі бейресми кездесуде екі президент бір-бірін аудармашысыз түсіреді, бір тілде сөйлейді. Сондықтан екеуі жеке сөйлесіп, көп нәрсе талқылады. Путиннің осы уақытта келгені маңызды. Себебі тамызда бізде парламент сайлауы болады. Сайлау өткен соң Құрылтайдың бірінші отырысында президент вице-президентті ұсынады. Конституция бойынша, вице-президент екінші адам болады. Екі жарым жылдан кейін президент мерзімі бітеді. Тағайындалатын вице-президент елдің үшінші президенті болуы мұмкін. Бұған Ресей бейтарап қарай алмайды. Бұл Путинге де, Ресейге де маңызды. Сондықтан бейресми кездесуде осы мәселелерді де талқылауы мүмкін.
Азаттық: 28 мамырдағы кездесуде Тоқаев пен Путин Қазақстан мен Ресей арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастардың жеті негізі туралы бірлескен мәлімдеме дайындағаны белгілі болды. Тоқаевтың сөзіне қарағанда, бұл мәлімдеме екі елдің жылнамасына маңызды оқиға ретінде енеді. Бұл мәлімдеме қатардағы көп құжаттың бірі ме әлде көршілерін өзінің дәргейінен алыстатқысы келмейтін, керек болса тіпті ол үшін әскер қолданудан тайынбайтын Ресеймен екі ортаға тағы бір құжат жүзінде болса да шекара қою ма?
Қазбек Бейсебаев: Бұл – негізі дипломатиялық әрекет, келісімдердің шеті. Мәдени байланыстар, мектеп ашу сияқты келісімдерді пысықтайды. Екі ел көрші, сондықтан тауар айналымын, басқа да байланыстарды осындай келісімдермен бекітеді.
Азаттық: Есіңізде болар, АЭС туралы референдум болғанда қарсы тарап болашақ АЭС-ті тек бір ғана ел салмаса, әсіресе Ресейдің қолына беріп қоймаса деген алаңдаушылық білдірген. Сол кезде билік өкілдері, депутаттар бар, АЭС-ті консорциум салады деп сендіруге тырысқан. Бірақ бүгінгі келіссөздерден байқап отырмыз, Балқаштың жағасындағы алғашқы АЭС-ті Ресейдің "Росатом" компаниясы салатыны анық болды. Бұл келісімде екі жақтың мүддесі тең дәрежеде ескерілді деуге келе ме?
Қазбек Бейсебаев: Шынын айтқанда, қазір әлемде атом энергиясы дамыған елдер көп емес, соның бірі – Ресей. Бұдан бөлек, АҚШ, Қытай, Франция, Оңтүстік Корея бар. Біздегі АЭС-ті Ресей мен Қытай салатыны айтылды. Ал бұл екі ел өздері салатын жобаға АҚШ-ты немесе Францияны кіргізбейтіні анық.