Әріптестерін дизель бағасын талқылауға шақырған ақтөбелік фермерді сот 15 күнге жапты

Ақтөбенің әкімшілік істер бойынша ауданаралық соты
Ақтөбенің әкімшілік істер бойынша ауданаралық соты

Ақтөбе облысында тұратын фермер Марлен Баймағамбетов жергілікті шаруа қожалығы иелерін дизель отыны бағасының қымбаттауы мен ауыл шаруашылығындағы өзге де көкейкесті мәселелерді жиналып талқылауға шақырғаны үшін 15 күнге әкімшілік қамауға алынған. Бұл туралы "Время" газеті жазды.

Баймағамбетов ұсынысын 500-ден астам адам мүше ортақ чатта жасаған. Билік ол мұндай кездесу өткізетінін жергілікті әкімдікке алдын ала хабарламағанын алға тартып, оның әрекетін бейбіт жиындар ұйымдастыру тәртібін бұзу деп бағалаған.

Өзіне тағылған айыпты мойындамаған Баймағамбетов митинг өткізуді жоспарламағанын, тек шаруалардың мәселесіне назар аудартқысы келгенін мәлімдеген. Ол кейін сол чатта әріптестеріне жиналмауды сұрап өтініш жасағанын айтқан. Бірақ сот Баймағамбетовті айыпты деп танып, 15 күнге әкімшілік қамауға алуға шешім шығарған.

Әйткенмен ол жанармайдың қымбаттауына байланысты ұстанымын әлеуметтік желілерде жариялап үлгерген деп жазды басылым. Мемлекеттік органдар мен саяси партияларға жолдаған үндеуінде Баймағамбетов тамыздан қарашаға дейін дизель отынының литрі ай сайын бірнеше теңгеге қымбаттағанын айтқан. Бұған қоса ол көрші елден арзан астықтың көптеп келуі салдарынан жергілікті фермерлер астықты делдалдарға арзанға, тиімсіз бағаға сатуға мәжбүр болғанын айтқан. Бұл келесі маусымда жерді егіске дайындауға және ауыл шаруашылығы жұмыстарын жүргізуге қажетті қаражат тапшылығына әкеледі деп ескерткен.

Әзірге фермердің үндеуіне тек ауыл шаруашылығы басқармасы жауап бергенін жазды "Время" басылымы. Басқарма ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге арналған жеңілдетілген жанармайдың түпкілікті бағасы зауыттағы жанармайды босату құнына қарай өзгеріп отырады деп түсіндірген.

Мысалы, басылымның жазуынша, Атырау мұнай өңдеу зауыты күзгі егін орағы жұмыстарына арналған дизель отынының бір тоннасын қыркүйек айында 307 400 теңгеден, қазанда 314 500, ал қарашада 319 300 теңгеден сатқан.

Фермер Марлен Баймағамбетовтің қорғаушылары әкімшілік соттың шешіміне қарсы шағым түсіретінін айтқан.

​
XS
SM
MD
LG