Арман Қырықбаев мәдениет және ақпарат министрі болып тағайындалды.
Ол бұған дейін министрлікті басқарған Аида Балаеваны алмастырды. Балаева бірнеше күн бұрын Қауіпсіздік қызметі төрағасының орынбасары болып тағайындалған еді.
50 жастағы Арман Қырықбаев 2025 жылдың ақпанынан бері президенттің ішкі саясат мәселелері және коммуникациялар жөніндегі көмекшісі болған. Оның алдында президент әкімшілігінің коммуникациялар бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарған.
2022 жылдың ақпаны мен 2024 жылдың наурыз аралығында Алматы әкімінің орынбасары болды. 2019-2022 жылдары “Нұр Отан” партиясының хатшысы болған.
Оған ақпарат министрлігі бөтен емес. Қырықбаев бұрын (2006-2010 жылдары) мәдениет және ақпарат министрлігінде комитет пен департаменттерге жетекшілік еткен.
Қырықбаев президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұзақ уақыт басқарған сыртқы істер министрлігінен еңбек жолын бастаған.