Армения ҰҚШҰ-да дауыс беру құқығынан айырылды

Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков
Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков

Армения ҰҚШҰ-да дауыс беру құқығынан айырылды деп хабарлады Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Мәскеудегі Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы жиынының соңында. Ереван “өзінің міндеттемелерін бірнеше жылдан бері орындамай келеді” деді ол.

Армения 11 қараша күнгі ҰҚШҰ-ның жиынына делегациясын жіберген жоқ.

“Ұйымның жарғысын басшылыққа ала отырып, Арменияны дауыс беру құқығынан, сондай-ақ ҰҚШҰ-дағы жоғары лауазымдарға өз өкілдерін тағайындау құқығынан айыру ұсынылып, шешім мақұлданды” деді Песков.

ҰҚШҰ-ның бас хатшысы Талатбек Масадықовтың айтуынша, кейінгі үш жылда Армения мүшелік жарна төлемеген және ҰҚШҰ хатшылығына қызметкерлерін жібермеген. Дегенмен оның сөзінше, Арменияны ҰҚШҰ-дан шығару мәселесі қаралмаған.

Тамыз айында Армения премьері Никол Пашинян Ұлттық қауіпсіздік шарт туралы ұйымы (ҰҚШҰ) Арменияны қатарынан шығарып тастаса "өте қатты қуанатынын" айтқан еді.

"ҰҚШҰ-дағы жұмысымызды жандандырмаймыз деп сенімді түрде айта аламын. Ұйым бізді қатарынан шығарып тастауды талқылап жатыр. ҰҚШҰ бізді қатарынан шығарып тастаса қатты қуанар едім. Бұл бізді "шығу керек пе әлде қалу керек пе" деген диллемадан босатар еді" деді Пашинян 24 тамызда парламентте.

Армения Таулы Қарабақ қақтығысы кезінде Әзербайжанмен соғысып, бұл қақтығыста Ресейден және ҰҚШҰ-дан әскери көмек сұраған. Бірақ ҰҚШҰ тарапынан Ереванға көмек болмаған еді. Осыдан кейін Армения ҰҚШҰ-ны өз міндеттемелерін орындамады деп айыптады. Ресми Ереван кейінгі кезде ҰҚШҰ жиындарына қатыспады. Бұл әскери ұйымға Армения, Беларусь, Ресей, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан мүше.

​
XS
SM
MD
LG