Бұл фотосуреттерді Чехословакия социалистік республикасы тұсында мемлекеттік қауіпсіздік қызметі агенттері қалтаға және сөмкеге жасырылған шағын камералармен түсірген. Архивте 1970-1980 жылдары жасырын түсірілген осындай мыңдаған фото сақталған.
1968 жылы тамызда СССР жетекшілік ететін Варшава келісімшарты күштері Чехословакияға әскер кіргізгеннен кейін бұл елде Кремльдегі билік "қалыпқа келтіру" деп атаған саясат жүргізілді. Чехословакия үкіметінің елде саяси реформа жасап, цензураны жою және сөз бостандығын жариялау жоспарына қарсы болған Совет одағы арнайы қызметтің көмегімен қоғамда саяси және идеологиялық қатаң бақылау орнатуды ұйғарды.
Чехословакия мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің агенттері өздері аңдыған диссиденттерді, коммунистік режимді мойындағысы келмейтін адамдарды сөмке мен киім қалтасына және басқадай жасырылған шағын камералармен суретке түсіріп, олардың "дұшпандық пиғылдағы" іс-әрекеттеріне "айғақтар" жинады.
Бұл фотосуреттерден социалистік Чехословакияда диссиденттерді аңдудың бірер мысалын ғана байқауға болады. Аңдыған адамды сурет пен видеоға түсіру үшін агенттер небір қулыққа барған.
Агенттер хабарламасы арнайы қызметтің артынан аңду қойылған азаматты әшкерелейтін қандай да бір дәйек табу үшін барын салғанын көрсетеді. Тіпті агенттердің бірі танымал чех музыкантының бірнеше саптыаяқ сыра ішкеннен кейін төлеген ақшасы көрсетілген түбіртекті де жымқырып алған. Хабарламасында әлгі музыканттың бардың алдында түнгі сағат 1:15 шамасында достарымен "қатты сөйлескенін", сосын "Май" әмбебап дүкені маңындағы дуалдың артына жас әйелмен бірге кіріп кеткенін..." жазған.
1980 жылдары Чехословакияда диссиденттерді түрмеге отырғызу сирей бастағанымен, сыртынан жиналған әлгіндей дерек-мәліметтер олардың өмірін қиындатқан. Оларды мамандығы бойынша еш жерде жұмысқа қабылдамаған, ал балалары жоғары білім ала алмай, түрлі тосқауылға кезіккен.
2003 жылы люстрация процесі кезінде Чехословакияда социалистік билік тұсында мемлекеттік қауіпсіздік қызметіне жұмыс істеген 75 мың адамның тізімі жарияланды.
ПІКІРЛЕР