Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Әсет Ерғалиевті өзіне кеңесші әрі Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы етіп тағайындады. Бұл туралы жарлық Ақорда сайтында жарияланды.
39 жастағы Әсет Ерғалиев 2025 жылғы ақпаннан бері қайтадан Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігін басқарып келеді. Оған дейін әр жылдары Қазақстанның ұлттық экономика министрі, президенттің экономикалық мәселелер жөніндегі көмекшісі, премьер-министрдің кеңесшісі, Қазақстан Республикасының Дүниежүзілік сауда ұйымы мен халықаралық экономикалық ұйымдардағы тұрақты өкілі болып қызмет істеді.
Ерғалиевтің мамандығы – экономист. Ол Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институтын, Швециядағы халықаралық бизнес мектебін бітірген, Ұлыбританияның Йорк және Ноттингем университеттерінде білім алған.
Әсет Ерғалиев Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы қызметіне алғаш рет 2022 жылғы қаңтарда тағайындалған.