Accessibility links

Әскери жаттығу кезінде қаза болған сарбаздармен қоштасу рәсімдері өтті

Каспийдегі әскери оқу-жаттығу кезінде қаза болған Аяпберген Сержанмен қоштасу рәсімі.  Ақтау, 26 қыркүйек 2026 жыл. Сурет авторы ақтаулық блогер Азамат Сәрсенбаев.
Каспийдегі әскери оқу-жаттығу кезінде қаза болған Аяпберген Сержанмен қоштасу рәсімі. Ақтау, 26 қыркүйек 2026 жыл. Сурет авторы ақтаулық блогер Азамат Сәрсенбаев.

26 қыркүйекте Қазақстанның түрлі өңірінде Каспийдегі әскери оқу-жаттығу кезінде қаза болған сарбаздармен қоштасу рәсімі өтті.

Солардың бірі Аяпберген Сержанды ағайындары Ақтауда ақтық сапарға шығарып салды. Марқұмның жаназасына жүздеген қала тұрғыны жиналды. Ресми БАҚ-тың хабарлауынша, қоштасу рәсіміне мемлекеттік орган өкілдері, бұрынғы депутат Еділ Жаңбыршин да барған. Қоштасу рәсімінен ақтаулық блогер Азамат Сәрсенбаев фото мен видео жариялады.

Түркістан, Орал және өзге қалаларда, аймақтарда сарбаздармен қоштасу рәсімі өтті.

24 қыркүйекте Каспий теңізінде әскери оқу-жаттығу кезінде қатты жел кезінде 17 әскери қызметкер (бастапқыда билік 19 деген, кейін ақпаратті түзеді – ред.) суға батып кетті.

Қорғаныс министрлігі бастапқыда 9 адам қаза болғанын, үш сарбаз құтқарылғанын, біреуі ауруханаға жатқызылғанын айтты. Кейін қаза болғандар 12-ге, жұма күні күндіз 14-ке жетті.

Оқиғаға байланысты "Қызметке салғырт қарау" және "Кеме жүргізу қағидаларын бұзу" баптары бойынша қылмыстық іс қозғалған. Ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылған. Әскери жаттығу кезіндегі сарбаздардың қазасынан соң әскери-теңіз күштері қолбасшысының бірінші орынбасары – штаб бастығы, екі әскери бөлімнің командирі, теңіз жаяу әскері ротасының және "Қайсар" қатерінің командирлері – барлығы бес адам ұсталды.

Қайғылы оқиғаға байланысты 25 қыркүйекте елде азалы күн болды.

Оқиғаның қалай болғаны белгісіз. Ресми орындар бұл жөнінде алдын ала ақпарат таратқан жоқ. Жергілікті блогер Азамат Сәрсенбаев бейресми дерекке сүйене отырып, қатты жел болып тұрған кезде сарбаздардың ауыр техникадан суға секіріп, жағаға шықпақшы болғанын, сондай жаттығуды пысықтауы керек болғанын, ауыр киіммен түскен кезде судан шыға алмай қалғанын жазды. Бірақ бұл ақпарат әзірге ресми түрде расталмады.

Айдар
​
XS
SM
MD
LG