Қырғызстанның бұрынғы президенті Асқар Ақаев қазіргі басшы Садыр Жапаровқа республиканы басқаруға қосымша мандат беруді ұсынды. 19 маусымда Ыстықкөлдегі халықаралық форум кезінде сөйлеген Ақаев осындай ұсыныс айтты.
Елде ірі жобалар жүзеге асырылып жатқанын тілге тиек еткен экс-президент оны “қырғыздың экономикалық кереметі” деп атады.
“Қырғызстан халқының қазіргі президентке “қырғыздың экономикалық керемет жоспарын” жүзеге асыру үшін қосымша мандат бергені ақыл болар еді деп ойлаймын. Бұған кемінде 8-10 жыл кетеді” деді Ақаев.
Қырғызстанды 1990-2005 жылдары басқарған Асқар Ақаев 2005 жылы наурыздағы революциядан кейін биліктен кетірілген. Содан бері ол Мәскеуде тұрып келеді.
Ол 2022 жылы елге екі рет келіп, “Құмтөр” жобасындағы жемқорлық ісі бойынша тергелді. Кейін бас прокуратура іс мерзімінің өтіп кетуіне байланысты Ақаевтан айып алынғанын хабарлаған.
Былтыр қыркүйекте Ақаев қырғыз парламентіне өтініш жолдап, өзіне экс-президент мәртебесін қайтаруды сұраған, алайда өтініші орындалмады. Ақаев билік еткен тұста өзінің президенттік мерзімін бірнеше рет созған.
1994 жылы бүкілхалықтық референдум өткізу туралы бастама көтеріп, бюллетеньге бір сұрақ шығарылды: «1991 жылы 12 қазанда бес жылға сайланған Қырғызстан президентінің Қырғызстан президенті екенін растайсыз ба?».
1995 жылы мерзімінен бұрын өткен президент сайлауында Асқар Ақаев екінші мерзімге қайта сайланды. Бірақ конституциялық соттың шешімімен бұл оның алғашқы мерзімі болып бекітілді.
2003 жылы Қырғызстанда тағы бір референдум өтті. Онда сайлаушыларға екі палаталық Жоғарғы кеңешті (Қырғызстан парламентін) бір палаталы қылу және Ақаевқа 2005 жылға дейін билікте қалуға рұқсат ету төңірегінде сұрақ қойылды. Референдумның ресми қорытындысы бойынша екеуі де мақұлданды.