Accessibility links

Астана әкімі: Екі аптада LRT шамамен миллион жолаушыны тасыды

Astana LRT жүйесінің іске қосылған сәті. 16 мамыр 2026 жыл. Ақорда таратқан сурет.
Astana LRT жүйесінің іске қосылған сәті. 16 мамыр 2026 жыл. Ақорда таратқан сурет.

Астана әкімі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, LRT алғашқы екі аптада шамамен миллион жолаушыны тасымалдаған. Шенеунік бұл жөнінде өзінің Instagram парақшасында жазды.

Оның сөзінше, күн сайын қоғамдық көліктің жаңа түрін 65-75 мың адам қолданады. Ол "LRT-ны белсенді пайдаланып, жаңа көлік жүйесіне сенім артып, инфрақұрылымға жауапкершілікпен қараған" жолаушыларға алғыс айтты.

"LRT-ның Қосшы бағыты бойынша екінші кезеңін іске асыру жұмысы басталды. Жобаның жүзеге асуы көлік инфрақұрылымын одан әрі дамытуға мүмкіндік береді" деді қала әкімі.

Әкімнің жазбасына комментарий қалдырған кейбір қолданушылар LRT-ның ыңғайлы екенін айтса, кейбірі терминалдарда қолма-қол ақшаға билет сататын қызметкер қажеттігін алға тартты.

16 мамырда Astana LRT жүйесі іске қосылған. LRT линиясының ұзындығы – 22,4 шақырым. Жолаушыларды 15 жүргізушісіз пойыз тасиды. Тағы төрт құрам резервте тұр. Басқару, жылдамдықты арттыру және тежеу, есікті ашу үдерістері, сондай-ақ төтенше жағдай кезіндегі әрекеттер толығымен автоматтандырылған.

Бағыт бойынша жолдың ұзақтығы – шамамен 40 минут. Құрамдар сағатына 50-60 шақырым орташа жылдамдықпен 5-6 минут сайын жүреді. Транспорт таңғы алтыдан түнгі 23:00-ге дейін жүреді, ал билет құны 200 теңге.

LRT – Қазақстандағы ең даулы жобалардың бірі. Құрылыс ресми түрде 2017 жылы мамыр айында басталған. Астанада жұрт жақсы білетін "мұнаралар" сол кезде пайда болған. Жобаға салынған ақшаны алған "Астана банкі" 2018 жылы лицензиясынан айырылған. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы күзде жобаны ашық сынап, оны "даулы жоба" деп атаған. Бірақ кейін қосымша қаржы қарастырылып, LRT құрылысы аяқталатын болды.

2021 жылы қарашада сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі "Астана LRT" компаниясы басқармасының бұрынғы төрағасы Талғат Ардан Стамбұлда екенін, оны ұстау шаралары жүріп жатқанын мәлімдеген. Бұл іс бойынша тағы бір айыпталушы Астана әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбеков АҚШ-та екенін, АҚШ-пен экстрадиция бойынша екіжақты келісім жоқ болғандықтан оны елге қайтару мүмкін еместігін айтқан. Сот Ардан мен Сұлтанбековті сырттай қамауға санкция берген.

Былтыр мамырда Талғат Ардан Түркияда ұсталғаны мәлім болды. Сол айда LRT-дағы ақша жымқыру ісі бойынша бір топ адамға үкім шықты.

Айдар
XS
SM
MD
LG