Соғысқа барғысы келмей Ресейден қашқан, Астана әуежайының транзит аймағында шамамен төрт ай тұрған Зелимхан Мұртазов Арменияға ұшып кетті. Бұл жөнінде оның туыстарына сүйенген “Вот Так” жазды.
Оның бауыры Турпал Мұртазовтың айтуынша, ол Астана мен Ереван арасында тіке рейс қосылған күні Арменияға ұшып кеткен. Звартнотц әуежайында оны 3-4 сағат тергеген, содан кейін елге кіруге рұқсат берген.
Мұртазовтың Қазақстаннан кеткенін адвокаты Елена Жигаленок "Власть" басылымына растады.
Былтыр "Кавказ.Реалии" тілшісіне айтқан әңгімесінде Мұртазов өзін соғысқа мәжбүрлеп әкеткенін, ол жақта окоп қазумен айналысқанын, ешкімді өлтірмегенін айтқан еді.
2025 жылы күзде демалыс алып Ресейге оралған. Қазан айында үйіне келіп, бес күннен кейін Қазақстанға кетіп қалған, осында бірнеше ай жалға алған пәтерде тұрған. 2025 жылы желтоқсанның аяғында Түркияға барғанымен, сол жерде ұсталған. Түрік билігі одан жауап алып, шетелдік паспортын тәркілеп, екі күннен кейін елден шығарып жіберген. 26 желтоқсан таңертең ол ұшақпен қайтадан Астанаға жеткен. Содан бері әуежайдағы транзит аймағында тұрған.
Қазақстанның шекара қызметі "ұлттық қауіпсіздік" себептерімен Муртазовты елге кіргізбей қойды. Ол пана сұрап жазған өтінішіне небары он күннен кейін "жоқ" деген жауап алған. Құқық қорғаушылардың пікірінше, бұлайша тез қайтарғаны өтініш тиісті деңгейде қаралмағанын көрсетеді.
Қазақстан мен Ресей арасында тығыз экономикалық және саяси байланыс орнаған және екеуі интеграциялық бірлестіктер құрамында. Астана осы кезге дейін пана сұрап келген ресейліктердің ешбіріне босқын мәртебесін берген жоқ.