Қазақстан Ресейге жұмысқа кетіп, кейін мәжбүрлі түрде Украинадағы соғысқа бара жатқанын отбасына айтқан Қазақстан азаматы Мирас Тасжарғановтың және тағы бірнеше қазақстандықтың елге қайтуына жәрдем көрсетуді сұрап, Ресей сыртқы істер министрлігіне нота жолдаған. Мұны Азаттықтың сауалхатына берген жауабында Қазақстанның сыртқы істер министрлігі хабарлады.
"Ағымдағы жылғы 17 қыркүйекте елшіліктің консулдық бөлімі Гүлжан Тасжарғановамен және оның ұлы Мирас Тасжарғановтың өзімен байланыс орнатып, анасы ұсынған мәліметтерді растады. Телефон арқылы сөйлесу барысында Мирас Тасжарғанов осындай қиын жағдайға тап болғанын және онымен бірге еліміздің тағы бірнеше азаматы бар екені, оларды елге қайтуына жәрдем көрсетуді сұрағаны анықталды. 2026 жылғы 18 қыркүйекте елшілік Ресей Федерациясының сыртқы істер министрлігіне аталған азаматтардың Қазақстанға қайтуына жәрдем көрсету туралы нота жолдаған" деп жазған Қазақстан СІМ жауап хатында.
Бұған дейін Астана тұрғыны Гүлжан Тасжарғанова интернеттегі хабарландыру ға сеніп Ресейге еңбек етуге кеткен ұлы Мирас Тасжарғанов уәде етілгеннен басқа жұмыс істегенін, кейін оны мәжбүрлеп Ресей қорғаныс министрлігімен келісімшартқа отырғызғанын Азаттыққа айтқан еді.
22 қыркүйекте видеобайланыс арқылы анасымен сөйлескен Мирас өзін соғысқа алынған басқа адамдармен бірге әскери көлікпен Украинаға әкетіп бара жатқанын хабарлап үлгерген. Жігіт "қатты өкінетінін" айтып, жақындарынан кешірім сұраған. Қазір Мирас Тасжарғановтың нақты қай жерде екені белгісіз.
Украина аумағында Ресей жағында соғысқа қатысып жатқан Қазақстан азаматтарының нақты саны туралы ресми дерек жоқ. Бұған дейін Украинаның "Хочу жить" мемлекеттік бағдарламасы кемінде 2389 Қазақстан азаматы Ресей қорғаныс министрлігімен келісімшарт жасасқан деп хабарлаған. Жоба есебі бойынша, Ресей қарулы күштері қатарында Орталық Азиядан барған 12 мыңнан астам адам соғысқа қатысқан болуы мүмкін.
Қазақстанның Қылмыстық кодексінде "Шетелдік қарулы қақтығыстарға қатысу" (172-бап) және "Жалдамалылық" (170-бап) деген екі бап бар. Бірінші бап бойынша тоғыз жылға дейінгі мерзімге бостандығынан айыру, ал екіншісі бойынша өмір бойына түрме жазасы қарастырылған. Егер бұл әрекеттер жалдамалы (ақша үшін соғысу) ретінде немесе ұлттық қауіпсіздікке, мемлекеттің өмірлік маңызы бар мүдделеріне ауыр зиян келтіретін қылмыс ретінде танылса, сот үкімімен қосымша жаза ретінде азаматтықтан мәжбүрлі түрде айыру шарасы да қарастырылған.