1 маусым күні Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында "Алға, Қазақстан" оппозициялық партиясын ұйымдастыру жөніндегі бастамашыл топтың мүшесі, азаматтық белсенді Элвира Бекзадинаға үкім шықты.
Істі қараған судья Ақмарал Әлиева сот процессінде жарыссөз аяқталысымен кеңесу бөлмесіне кетіп, біраздан соң сот залына оралып, ұйғарымын жария етті. Ол Қылмыстық кодекстің 380-бабы ("Билік өкіліне қатысты қорқыту немесе күш көрсету әрекеттері") мен 378-бабы ("Билік өкілін қорлау") бойынша айып тағылған Элвира Бекзадинаны кінәлі деп тауып, 2 жыл мерзімге қоныс колониясына жіберу туралы үкім шығарды. Сотталушының кәмелетке толмаған балалары барын ескерген сот үкімнің орындалуын бір жыл кейінге қалдырды.
Үкімге наразы Бекзадина оған келіспейтіні туралы шағым түсірмек.
– [Қазақстан президенті Қасым-Жомарт] Тоқаев таңдайды судьяларды, халық емес. Сондықтан сот әділетті болған жоқ. Бұлай болары басынан-ақ түсінікті еді, – деді Элвира Бекзадина үкім жарияланғаннан кейін.
Жақтастары Элвира Бекзадинаның ісінде саяси астар бар деп біледі. Олардың айтуынша, қоғамдық-саяси мәселелерге пікірін ашық айтып жүрген Бекзадина былтыр 16 желтоқсанда күндізгі сағат 11-де Астанада саяси құрбандарға гүл қою үшін кішкентай екі қызын ертіп үйінен шыққан кезде күштік құрылымның 9 өкілі келіп (төртеуі – арнайы жасақ, екеуі ювеналды полиция қызметкері), анасы мен балаларды күштеп ұстап әкеткен.
Бұған дейін белсендінің адвокаты Мейіржан Досқараев полицияда Элвира Бекзадинаға "қорқытып-үркітетін сөздер айтылғанын", кішкентай екі қызын тінтіп, киімдерін шешкізгенін, ювеналды полиция қызметкері оқиғаны телефонға түсіргенін айтқан.
Полиция құжатында Элвира Бекзадинаның 16 желтоқсанда Сарыарқа аудандық полиция басқармасы ғимаратының екінші қабатында ювеналды полиция қызметкеріне күш көрсеткені жазылған.
Адвокат Досқараевтың сөзінше, ол полицияға барған кезде Бекзадинаның қолы, саусақтары ісіп кеткенін көрген, белсенді оған иығы мен шынтағында да жарақат барын жеткізген. Адвокат белсендінің жарақаттануына байланысты прокуратураға шағым берілгенін, ал медициналық сараптама Бекзадинаның денесінен "жарақат таппағанын" айтқан еді.
Элвира Бекзадина – "Алға, Қазақстан" оппозициялық партиясын құруға тырысып жүрген белсенділердің бірі. Бастамашыл топ өкілдері кейінгі бірнеше жылдан бері партияны тіркеу үшін 20-дан астам рет өтініш тапсырса да, мемлекеттік тіркеуден өте алмай жүр. Құзырлы орган бастамашыл топ құжаттарын заңға сай тапсырмаған деген уәжді алға тартқан. Қазақстан билігі кейінгі жылдары елде саяси партияны тіркеу тәртібі жеңілдеген дейді. Сарапшылар оппозициялық топтар бюрократиялық рәсімдерде қиындықтарға жиі тап болатынын, ал биліктің саясатын қолдайтын ұйымдар әдетте еш қиындықсыз тіркелетінін айтады.