Accessibility links

Астана соты Feminita ұйымының белсендісі Жанар Секербаеваға айыппұл салды

Feminita белсендісі Жанар Секербаева Астанадағы сот процесі кезінде сөйлеп тұр. 22 сәуір 2026 жыл.
Feminita белсендісі Жанар Секербаева Астанадағы сот процесі кезінде сөйлеп тұр. 22 сәуір 2026 жыл.

Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты "Ұрып-соғу" бабы бойынша айыпталған Feminita белсендісі Жанар Секербаеваны кінәлі деп танып, 40 АЕК көлемінде айыппұл (173 мың теңге немесе 373 АҚШ доллары) салды.

Секербаева өзіне тағылған айыппен келіспейді.

Жарыссөзде прокурор Секербаеваға 40 сағат қоғамдық жұмыс түріндегі жазаны, ал арызданушы «қоғамнан оқшаулауды» сұраған.

Қылмыстық іске түрткі болған оқиға былтыр күзде Астанадағы дәмханалардың бірінде болған. Секербаева мен оның әріптесі Темірлан Баймаш ЛГБТИК+ қауымы өкілдерімен кездесу өткізбек болғанда оларға қарсы бір топ белсенді сол жерге барып, дау шығарған. Кейін солардың бірі – "Өнерпаз ұрпақ" ұйымының төрайымы Зиуар Жұманова ЛГБТ белсенділерінің үстінен арызданған. Артынша полиция Секербаева мен Баймашты ұстаған. Кейін Секербаеваның үстінен қылмыстық іс қозғалып, ол сотқа жетті.

Сот процесі 7 сәуірде басталған. Алғашқы отырыста жәбірленуші Зиуар Жұмановадан жауап алынған. Сол күні Зиуар Жұманова өзін видеоға түсірмеуді, ал прокурор істі жабық өткізуді сұраған.

Жұманова мен оның өкілі жәбірленушінің көпбалалы ана екенін алға тартып, процесте жеке өміріне қатысты мәліметтердің жария болуы қоғамда резонанс тудыруы мүмкін екенін айтты. Сонымен бірге «мұны балалар көріп, ауыр соққы алады» деген уәж келтірілді.

Ал Секербаеваның адвокаттары — Айнара Айдарханова мен Ольга Эннс — сот отырысын ашық өткізуді сұрап, процестің жариялылығы мен ашықтығын қамтамасыз етуді талап етті.

Ақыры судья сотты ашық етті, фото-видео түсіруге рұқсат берді, тек Жұманованы видеоға түсіруге тыйым салды.

Екінші сот отырысы 17 сәуірде өтіп, ол күні куәгерлерден жауап алынды. Бүгін, яғни 22 сәуірде түске дейін іс матералдары қаралып, түстен кейін Жанар Секербаевадан жауап алынды. Кешке сот үкімі оқылды.

Жанар Секербаева үкіммен келіспейтінін, оған апелляциялық шағым түсіретінін айтты. Ал Зиуар Жұманова пікір білдірместен сот залынан шығып кетті.

Бұған дейін Human Rights Watch (HRW) құқық қорғау ұйымы Қазақстан билігін Feminita ұйымының белсендісі Жанар Секербаеваның үстінен қозғалған қылмыстық істі тоқтатуға үндеген.

Құқық қорғаушылар кейінгі айларда Қазақстанда ЛГБТ қауымы өкілдерінің өмірі қиындағанын, оған былтыр желтоқсанда "дәстүрлі емес жыныстық бағытты насихаттауға" тыйым салатын заң қабылданғаны себеп болуы мүмкін екенін айтады. Биыл наурызда күшіне енген бұл заң ЛГБТ белсенділері мен олардың құқығын қорғаушыларға қылмыстық қудалау қаупін төндіреді дейді олар.

Мәжіліс осы заң жобасын қабылдағанда БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі сарапшылары "бұл – кемсітуді заңдастыру" және "Қазақстанның адам құқықтары саласындағы халықаралық міндеттемелерге қайшы келеді", деп мәлімдеген.

Қазақстан билігі заң адамдардың жеке өміріне немесе ЛГБТ өкілі болу құқығына тыйым салмайды, тек ақпараттық кеңістіктегі жария насихатты шектейді деп түсіндіреді. Ал халықаралық құқық қорғау ұйымдары (БҰҰ, Human Rights Watch) бұл заң сөз еркіндігін шектеп, дискриминацияны күшейтуі мүмкін деп есептейді.

Айдар
XS
SM
MD
LG