Accessibility links

Астана заңсыз мигранттарды қабылдау орындарын ашу жайлы хабарды жоққа шығарды

Еурокомиссияның Брюссельдегі штаб-пәтері алдындағы Еуропа одағының туы
Еурокомиссияның Брюссельдегі штаб-пәтері алдындағы Еуропа одағының туы

Қазақстанның сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ерлан Жетібаев Еуропа одағымен виза режимін жеңілдетудің өтеуі ретінде елде заңсыз мигранттарды жайғастыратын орталықтар ашу туралы келіссөз жүргізіліп жатпағанын мәлімдеді.

Ол Астананың Қазақстан азаматтары үшін виза алу тәртібін жеңілдету туралы келіссөздер жүргізіп жатқанын айтты, бірақ бұл жұмыс қайта қабылдау туралы келісіммен бірге жүргізіліп жатқанын нақтылады (қайта қабылдау – мемлекеттің өз азаматтарын және кей жағдайларда басқа елден депортацияланған шетелдіктерді қабылдауға келісімі).

"Қайта қабылдау туралы келісім мынаны білдіреді: егер азамат біздің елімізден заңсыз кетсе, біз оларды қайта қабылдап алуға міндеттенеміз", деп түсіндірді Жетібаев.

1 маусымда Еуроодақ өз аумағынан тыс жерлерде заңсыз мигранттарға арналған депортация орталықтарын құруға және заңсыз иммигранттарды тінтуге мүмкіндік беретін жаңа көші-қон заңын мақұлдаған. Бұған дейін Politico басылымы Еуропа одағының дипломатиялық ортасындағы аты-жөні аталмаған дереккөздерге сүйеніп, Еуроодақ Қазақстан мен Өзбекстанды еуропалық елдер паналатудан бас тартқан мигранттарды жайғастыратын орталықтар ашуға қолайлы орын ретінде қарастырып жатыр деп хабарлаған. Бұл бастаманы Нидерланд, Австрия, Дания, Германия және Греция қолдайды. Өз аумағында әлгіндей орталықтарды орналастыруға келіскен елдерге оның өтеуі ретінде қаржылай көмек немесе олармен арадағы виза тәртібін жеңілдету ұсынылады деп айтылған.

Журналистер Еуроодақ елдерінің үкіметтері бұл өте нәзік тақырып болғандықтан, оған қатысатындарды жария түрде атаудан тартынып отырғанына назар аударған. Бірқатар адам құқықтарын қорғаушылар мен азаматтық қоғам өкілдері Еуроодақтың жаңа заңын сынға алып, оны "ксенофобиялық" құжат деп атап, адамдарды ешқандай қатысы жоқ елдерге депортациялауға мүмкіндік беретін мұндай шаралар адам құқықтарын бұзуы мүмкін деп мәлімдеді.

Айдар
XS
SM
MD
LG