Accessibility links

ЕХРО, жеке басқа табыну және элиталар тартысы


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) EXPO-2017 ашылар алдында көрме нысандарын аралап жүр. Қазақстан президентінің ресми сайтындағы сурет.

Америкалық басылым Астанада аяқталған ЕХРО жайлы мақаласында Қазақстан президентін "жеке басын дәріптеуді күшейтті" әрі бәсекелестікке төзбейді деп сипаттаған. БАҚ бүкіл әлемдегі миллиондаған бокс жанкүйері тағатсыздына күтіп отырған әрі жекпе-жек қарсаңында қызы дүниеге келген қазақстандық Геннадий Головкин мен мексикалық Сауль Альварестің жекпе-жегіне де назар аударған.

"БӘРІ МҮМКІН ЖӘНЕ ЕШТЕҢЕ МҮМКІН ЕМЕС ЕЛ"

Америкалық New York Times газеті "Ғылыми алып көрме Қазақстан экономикасын қайта өзгерте ала ма?" деген мақаласында ЕХРО-2017 көрмесі мен оның Қазақстанға әсері жайлы жазған. Мақала авторы Дэвид Сигал көрме территориясындағы қазақстандық павильон күндіз "ішінде бөтен пиғылы болуы ықтимал өзге планеталықтар бар ғарыш кемесіне", ал түнде "ішінара жарқ-жұрқ еткен шоу, жартылай бамперге жапсыратын қағазға ұқсап көрінеді" деп жазады.

Мақалада Қазақстан павильон құрылысы мен көрме дайындығына "үш миллиард доллар" жұмсады делінген. Дүниежүзілік банк есебіне сүйенген басылымның дерегінше, жалпы ішкі өніміндегі үлесі 2004 жылғы 13 пайыздан 3,5 пайызға дейін түсіп кеткен Қазақстан қазір шетелдік инвестиция тартуға тырысып жатыр. Инвестиция тарту үшін өзге жобалармен қатар дербес тәуелсіз соты бар жаңа сауда биржасын ашқысы келеді.

"Сарапшылардың айтуынша, реформалар және жариялылық жайлы айтылып жүргендерге қарамастан, Қазақстанды бұрынғыдай элиталық альянстарды ауыстыру арқылы тып-тыныш бақылауда ұстап отыр, олардың бәрі президент жазып берген көбік операдағы бедел мен байлыққа таласады", - деп жазады New York Times.

EXPO көрмесі біткен соң жұмысшылар амфитеатрды бұзып алып жатыр. Астана, 13 қыркүйек 2017 жыл.
EXPO көрмесі біткен соң жұмысшылар амфитеатрды бұзып алып жатыр. Астана, 13 қыркүйек 2017 жыл.

Мақалада Назарбаевты "саяси өмірінің көп бөлігін дүниежүзілік банк дерегінше, 2000 жылдардың орта шеніндегі тоғыз пайыздан 2014 жылы 33 пайызға дейін өскен Қазақстандағы орта тап өкілдерін көбейтуге арнағаны" үшін мақтаған. Сонымен бірге мақалада көп жылғы өсімнен кейін орта таптың үлесі азайып кеткені, кедейлік деңгейінің өскені, ал екі жыл қатарынан азайған орташа жалақы мөлшері қазір шамамен 421 доллары құрап отырғаны айтылған.

Сонымен бірге мақалада "Назарбаев мырзаның өз орнын көздейтін бәсекелес санайтын адамдардың бәрін қырына алатыны құпия емес. Бұған қоса, ол озбыр басшылардың төңірегінде ғана пайда болатын жеке басқа табынушылықты күшейтті" деп жазған.

"Батыс елдері тұрғындары үшін [Қазақстан] экономикасы баяғыдан алаяқтығы көп казино ойындарына ұқсайды. Әрбір қаржылық венчурлік компания 10-20 альянстың бақылауында. Олар небір қитұрқы айла-тәсілге жүгінеді. "Мұндағы бизнес саласы ардагерлерінің айтуынша, бұл – бәрі мүмкін әрі ештеңе мүмкін емес ел" деп жазады New York Times.

ГОЛОВКИННІҢ ҚИЫН ТАҢДАУЫ

Америкалық Boston Herald газеті "Боргес: Геннадий Головкиннің бар назары өміріндегі ең маңызды шайқаста"деген мақаласында бүкіл әлемдегі миллиондаған бокс жанкүйері тағатсыздына күтіп отырған жекпе-жекке қатысты комментарий берген. 16 қыркүйек, сенбі күні АҚШ-та Қарағанды қаласының тумасы Геннадий Голвкин (GGG) мен мексикалық Сауль Альварестің (El Canelo) жекпе-жегі өтуі тиіс. Өткен жұма күні Геннадий Головкинге өміріндегі ең қиын таңдау жасауына тура келген – ол матч қарсаңында жаттығуын үзбей жалғастыра беруі немесе екінші баласын босануға жиналған әйелімен бірге перзентханаға баруы тиіс болды.

"Чемпион жұмысты таңдады, 18 секундқа созылған алғашқы титулды жекпе-жегіндегі жеңісінен кейін оның жеті жылдан бері әлі чемпион болып жүргені сондықтан шығар. <…> Өміріндегі ең жарқын мүмкіндікке ие болуы үшін өмір кідіруі тиіс. Тіпті [баласының] өмірге келіп, дүние есігін ашып жатқанын да ұмыта тұруы тиіс, өйткені көздеген мақсатына жету үшін тіпті бір күннің өзін жоғалту оның бұған дейінгі бүкіл қам-қарекетін қатерге тігуі мүмкін" деп жазады Boston Herald. Бапкері Абель Санчестің сөзінше, Головкин оған "Бала дүниеге бәрібір келеді. Мен өз шаруамды атқардым" деген.

Кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин Дэниэл Джейкобспен жекпе-жек кезінде. Нью-Йорк, 18 наурыз 2017 жыл.
Кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин Дэниэл Джейкобспен жекпе-жек кезінде. Нью-Йорк, 18 наурыз 2017 жыл.

"Головкиннің өміріндегі ең ірі шайқасына жаттығуына баласының дүниеге келуі кедергі болмады" деген мақаласында филиппиндік Philstar газеті де GGG-ның жаттығуды үзбеуді ұйғарған шешімін мақтап, ол жас босанған әйелі мен нәресте қызын ертеңінде көрді деп жазған.

"Алдағы матч стильдерін баяғыдан талқылап жатқан бокс әуесқойлары Головкиннің арыны басым, бірақ Альварес те мықты қарсылас екенін байқап отыр. Головкиннің карьерасындағы ең шешуші бұл жекпе-жегі оның өзге дүниеге алаңдауына мұрсат бермеді", - деп жазған Philstar басылымы.

Геннадий Головкин ер жетіп, бокспен шұғылдануды бастаған Қарағандының шетіндегі шахтерлер тұратын Майқұдық шағын ауданында әйгілі жерлестерін ерекше мақтан тұтады.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG