Accessibility links

Астанада Полина Гагаринаның концерті өтпейді

Полина Гагарина
Полина Гагарина

Астанада ресейлік "Z әнші" Полина Гагаринаның 5 сәуірге жоспарланған концерті өтпейтін болды. Бұл жөнінде билет сатумен айналысатын қазақстандық Zakazbiletov.kz платформасы Facebook желісінде хабарлады.

Ұйымдастырушылар өздерінің мәлімдемелерінде концерт "ұйымдастырушылар мен әртістерге, өздеріне тәуелсіз жайттарға" байланысты шегерілгенін атап өтті. Сервис өкілдерінің айтуынша, билетті сатып алғандардың ақшасы 14 күнде қайтарылады.

Әншінің ресми сайтында Астанаға жоспарланған концерттің өтпейтіні жөнінде хабарлама жоқ. Гагаринаның алдағы концерттері 15 сәуір Бішкекте және 16 сәуір Ташкентте өтпек.

Полина Гагаринаның концерті Астанадағы Конгресс-холл залында өтеді деп айтылған еді.

Гагаринаның Қазақстанда концерті алғаш рет шегеріліп отырған жоқ. 2023 жылы Алматыдағы концерті қоғам қысымынан кейін шегерілген болатын. Әнші 2025 жылы 27 қарашада Астанада тағы концерт өткізуді жоспарлаған. Алайда концертке билеттер Zakazbiletov.kz платформасынан жоғалып кетті. Сол кезде Конгресс-Арена алағы концерт бәрібір өтетінін, билеттер сатылатынын хабарлаған. Ақыры шара өтпеді.

Ресей Украинаға басып кіргелі бері Қазақстанда соғысты қолдаған бірнеше ресейлік әншінің концерті өтпей қалды. Олардың арасында Лариса Долина, Полина Гагарина, Григорий Лепс бар. Соғысқа қарсы шыққан Максим Галкиннің де концерті болмай қалды.

Дегенмен бақылаушылардың пікірінше, соғысты қолдаған ресейлік әртістердің кейбірінің концерті бәрібір өткен. Елде Кремльді қолдаған бірқатар әртістер өнер көрсете алмағанмен Филипп Киркоровтың концерті 2022 жылы Алматы мен Астанада өткен.

XS
SM
MD
LG