Accessibility links

Астанада полиция қала билігіне жолықпақ болған 20-дан астам адамды ұстап әкетті

4 қарашада Астанада «Қосымша» бағдарламасы аясында жұмыс істейтін білім беру ұйымдарының 20-дан астам өкілі қала басшылығымен кездесуді талап етіп, әкімдікке барды. Алайда оларды полиция ұстап, бөлімшеге алып кетті деп хабарлады «Өткір күрек».

Ұйым өкілдерінің айтуынша, олар бұған дейін де әкім мен оның орынбасарларының қабылдауына бірнеше рет кіруге тырысқанымен, кездесу мүмкін болмаған.

Олардың наразылығына білім беру ұйымдарында қызмет сапасын бақылау үшін енгізіліп жатқан Face ID жүйесі себеп болған. Өкілдердің сөзінше, жабдық тендер өткізілмей және қажетті рұқсат құжаттарынсыз орнатылған. Бұдан бөлек, балалардың биометриялық деректері Қазақстаннан тыс жерде, Yandex сервисінде сақталуы мүмкін деген қауіп бар. Олар жүйенің заңдылығы мен балалардың жеке деректерінің қауіпсіздігіне қатысты әкімдіктен түсініктеме талап етіп отыр.

Қала билігі, полиция әзірге оқиғаға түсініктеме бермеді.

Былтыр шілдеде Астана әкімдігі 4-тен 18 жасқа дейінгі балаларға арналған үйірмелер мен секцияларға тегін ваучерлерді үлестіруге көмектесетін QOSYMSHA.KZ цифрлық платформасын енгізу бойынша пилоттық жоба басталғанын хабарлаған еді. Қалалық білім басқармасының хабарлауынша, "жүйе қорғалған деректер орталығында орналасқан және үшінші тұлғалардан толық оқшауланған". 2025 жылы бағдарлама 25 000-нан астам баланы қамтығаны хабарланды.

Айдар
​
XS
SM
MD
LG