Accessibility links

Астанада жалақыны дұрыс төлеуді талап еткен компанияның кемінде 8 жұмысшысы қамалды

Ереуілге шыққан Elorda Eco System компаниясының жұмысшылары. 17 наурыз 2026 жыл. Скриншот.
Ереуілге шыққан Elorda Eco System компаниясының жұмысшылары. 17 наурыз 2026 жыл. Скриншот.

Астанада еңбекақыны дұрыс төлеуді талап еткен компанияның кемінде 8 жұмысшысы қамалды, тағы 11 адамның соты өтпек.

18 наурызда құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина бір күн бұрын Астанада жалақыны дұрыс төлеуді талап етіп, ұсталған, ізінше әкімшілік қамауға алынған азаматтардың тізімін жариялады.

17 наурызда Астанада 11 шамасында Elorda Eco System компаниясының 200 шақты қызметкері мекеме кеңсесіне барып, басшылықтан жалақы мен сыйақыны дұрыс төлеуді талап еткен. Ізінше полиция оларды ұстады. Кейін кемінде 8 адам қамалғаны белгілі болды. Құқық қорғаушының сөзінше, оларға “билік өкіліне бағынбау” бабы бойынша айып тағылған.

1. Қойшыбай Камалов, 667-бап 1-бөлік, 10 тәулік
2. Ержан Әмзин, 667-бап 1-бөлік, 10 тәулік
3. Насредин Әлібаев, 667-бап 1-бөлік, 5 тәулік
4. Ерік Дәметов, 667-бап 1-бөлік, 10 тәулік
5. Қайдар Ысқақов, 667-бап 1-бөлік, 5 тәулік
6. Бекболат Мұкатов, 667-бап 1-бөлік, 10 тәулік
7. Қастер Әбіләшім, 667-бап 1-бөлік, 5 тәулік
8. Мейрам Тасқынбай, 667-бап 1-бөлік, 5 тәулік

Құқық қорғаушының сөзінше, тағы 11 адам әкімшілік сотты күтіп отыр. Кейбірі жұмыстан қуылған, тізімі анықталып жатыр.

Құқық қорғаушы омбудсмен Артур Ластаев пен Бас прокуратурадан еңбек дауына араласып, адам құқығының бұзылуына жол бермеуге шақырды.

Қамалғандардың бірінің туысы Азаттыққа жалақы мен сыйақы мәселесі бір жылдан барын, мәселені айтқан жұмысшыларға қудалау барын айтты.

"Олардың бар талабы – істеген еңбегіне қарай жалақы төлеу. Еңбекақы дұрыс төленсін, сыйақы дұрыс төленсін деп отыр. Қысым болмасын деп отыр. Бұлар сенбі, жексенбі шығады. Бір тәулікке шығады. Сенбі, жексенбіде шыққан күндерге арнайы "қызметтік хат" толтырылсын, соған қол қояйық дейді. Енді "қызметтік хат" толтырылғаннан кейін дұрыс төленеді ғой. Бұл мәселе былтыр жылдың басында басталған, мамыр айында жұмысшылар "неге дұрыс төленбей жатыр?" деп айта бастады. Сол кезде 50 мың ғана сыйақы берілген. Бастық мән-жайды түсіндірген жоқ. Ылғи орынбасарларын жібереді. Жұмыс істетпейді. Кім бас көтеріп сөйледі, солардың соңына салып қойған" деді аты-жөнін айтпаған жұмысшылардың бірінің әйелі.

18 наурызда Азаттық Астана әкімдігіне қарасты коммуналдық кәсіпорынға хабарласып көрді. Компанияның баспасөз хатшысы Шынар Жақсылыққызы Азаттыққа телефон арқылы жауап бере алмайтынын, барлық сұрақты e-otinish арқылы жолдауды сұрады.

Kursiv басылымының жазуынша, Астана бойынша еңбек инспекциясының өкілі Абай Еркінов кәсіпорынның бас директоры еңбек ұжымымен кездесу өткізгенін айтқан. Сол кездесу барысында сыйақы аптаның соңына дейін төленетіні, ал жалақыны өсіру мәселесі алдағы уақытта қаралатыны айтылған. Астана қаласы коммуналды шаруашылық басқармасы мамандары түсіндіру жұмыстары жүргізілсе де, "жекелеген қатысушылар өздерінің талаптарын конструктивті емес формада жеткізе бергенін" айтқан. Әкімдіктің хабарлауынша, "жекелеген жағдайда қоғамдық тәртіпі бұзу оқиғасы тіркелген", соған орай "құқық қорғау органдары шара қолданған".

Elorda Eco System жұмысшылары жаңбыр суы жүретін құбырларды тазалаумен айналысады.

XS
SM
MD
LG