Астанадағы сәулетті ғимараттардың бірталайы шетелден тарту ретінде берілген қаражатқа тұрғызылған. Сондай ғимараттардың бірі – 2000 жылы Оман сұлтандығы қаржысына салынған "Салтанат сарайы" қабылдау үйі. Нұрсұлтан Назарбаев президенттіктен кеткен тұста бұл нысан жекеменшікке өткен. Қазір оны кім басқарып отыр? Азаттық мұны зерттеп көрді.
ОМАН БИЛЕУШІСІНІҢ ТАРТУЫ
Астанадағы сәулетті ғимараттардың бой көтеруіне әлем елдерінің көп көмегі тиген. Мысалы, Сауд Арабиясы Парламент ғимаратын салуға 15 млн доллар, Кувейт қазір Ломоносов атындағы Мәскеу университетінің филиалы орналасқан (қала әкімдігі орналасады деп салынған ғимаратта ұзақ жыл ауыл шаруашылығы министрлігі жайғасты) ғимаратты салуға 15 млн доллар, ал шетелдік мұнай инвесторларынан құралған консорциум Үкімет үйіне 25 млн доллар қайтарымсыз қаржы берген. Сондай мүліктер қатарында 10 млн долларлық "Салтанат сарайы" қабылдау үйі де бар. 2000 жылы 10 млн доллар сол кездегі бағамға шаққанда 1,5 млрд теңгеге жуық қаражат болды.
Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың естелігіне сүйенсек, оған Оман сұлтандығы ақша аударған.
"Оман билеушісі түбіртек жазып берді. Оның өзінің тарихы бар. 10 млн доллардың түбіртегін жазды. Мен оны іс басқарушыға бердім, ол бұл түбіртек неге керек деп сұрады. Барып ғимарат сал деп айттым. Солай "Салтанат сарайы" пайда болды. Осы сияқты Түркия компаниялары да көмектесті. Сол уақыттағы инвестиция 300 млн доллардан асты"деген еді Нұрсұлтан Назарбаев 2017 жылы.
Цирк және орталық саябақпен қатар Астананың көрікті жерінде орналасқан "Салтанат сарайы" 20 жылдай президенттің қабылдау үйі ретінде жұмыс істеді. Билік шетел басшыларын, құрметті қонақтарды сонда қарсы алатын. Халықаралық деңгейдегі дипломатиялық және діни форумдар ұйымдастыратын. Тәуелсіздік күні, Астана күні тәрізді мемлекеттік мерекелер қарсаңында халыққа осы жерден құттықтау айтып, мейрамдарда көпшілікке арнап кеш өткізетін.
Ескі қабылдау үйі қаланың сәулетті ғимараттары қатарында үнемі аталады. Жер аумағы– 32 500 шаршы метр, ал ғимарат алаңы 6420 шаршы метрге тең. Ол шығыс стилінде көк күмбезбен көмкеріліп, Ақорда, Парламент үйі және "Керемет" моншасы сияқты басқа да көптеген ғимаратпен үйлестіре тұрғызылған. Мұндай бағытты сәулет саласының мамандары бір ауыз сөзбен "Астананың күмбезді архитектурасы" деп те атайды. Мемлекеттік басылымдар "Салтанат сарайының" нобайын "Бәйтерек", "Отан-Ана" монументтері тәрізді Назарбаевтың өзі сызған депәспеттейтін.
ҒИМАРАТТЫ КІМДЕР ИЕЛЕНДІ?
Кешен әуелде Президент әкімшілігі іс басқармасына қараған . Оның ішінде "Мемлекеттік резиденциялар дирекциясының" құрамында болған. Бірақ жұмысын осы президент іс басқармасының қарамағындағы "Қараөткел" деген екінші бір кәсіпорын үйлестірген. Бұл мекеме сарайды әлеуметтік желіде жарнамалайтын видеороликтер түсірткізген . Сөйткен "Қараөткел" кәсіпорнының өзі 2019 жылы үкіметтің қаулысымен таратылды. Қызметі тоқтаған уақыт Нұрсұлтан Назарбаев президент өкілетін тапсырған кезеңмен тұспа-тұс келеді. Назарбаев 19 наурызда ізбасарына тізгінді беріп кетсе, бұл мекеме 15 мамырда жойылған. Қабылдау үйін қазір иеленіп отырған "Салтанат үйі" деген жауапкершілігі шектеулі серіктестік те ресми 2019 жылдың басында тіркеуден өткен .
Қазір "Салтанат үйі" компаниясы "Астана дәстүрі" деген жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қарайды . Оның құрылтайшылары – Цзен Владимир, Асылбек Көлбаев, Асқар Қаппас және Александр Дәулен деген төрт адам. Мұның ішінде Асылбек Көлбаев бұрын Нұрсұлтан Назарбаев президент боп тұрғанда оның іс басқармасында істеген, тағы да тереңдей еніп айтқанда, "Қараөткел" кәсіпорнын басқарған . Оны Назарбаевпен байланыстыратын және бір мағлұмат бар.
Shishkin_like Telegram арнасының дерегінше, 2026 жылы "Елбасы қорының" активтері бірнеше кәсіпкердің атына көшірілді. Солардың бірі «Фонд-Инвест» мүлікті басқару дирекциясы Көлбаев иелігіндегі "Ат спорты мен фермерлікті дамыту" қорының құрамына кіргізілген .
Бұрынғы президенттің байлығы жөнінде зерттеу жүргізген "Власть", OCCRP және Kloop басылымдары өздері тілдескен заңгерлерге сүйеніп, Назарбаев мүліктерді әлі де жасырын бақылайды деп жазған. Алайда Назарбаевтың баспасөз хатшысы "бұл рас па?" деген журналистердің сұрағын елеусіз қалдырған еді.
"Салтанат үйінің" қожайындары 2019 жылдан бері бірнеше рет ауысты. Алайда, 2022– 2023 жылдар арасын есепке алмағанда, негізінен Асқар Қаппас деген адам өзгеріссіз қалып отыр. Асқар Қаппас жөнінде ашық дереккөзде мәлімет аз. Оның "Барап" деген құрылыс компаниясы мен мейрамханалар жұмысын үйлестіретін Qazaq cuisine деген компаниясы бар . Асқар Қаппас алғашқыда "Салтанат үйіне" Сүлеймен Төреқұлов деген кәсіпкермен бірге құрылтайшы болған. Сүлеймен Төреқұлов та – Назарбаевтың айналасымен байланысты адам. Журналистердің жазуынша , бірінші президенттің кейінгі әйелі Әсел Құрманбаеваның ағасы Айдос Есболовқа тиесілі Еуразия технологиялық университетінің еншілес компаниясын басқарған. Әселдің әкесі Тілектес Есболов ректор болып тұрған кезде Қазақ ұлттық аграрлық университетінде докторлық дәрежесін қорғап шыққан. Құрманбаеваның анасы Гүлбану Құрманбаева құрылтайшылық еткен Aurora Capital компаниясына да кейіннен иегер болып қалғаны бар.
2022 – 2023 жылдары "Салтанат сарайында" Асқар Қаппас құрылтайшы болмады. Бұл кезде сарай Fund Qoldau деген қорға қарады. Shishkin_like Telegram арнасының жазуынша , Қордың 32 жастағы иесі Қуат Мұхамадиев Назарбаевтың сенімді көмекшісі болған Абай Бисембаевтың туыстарының иелігіндегі Wyndham Garden Burabay қонақүйінде директор қызметін атқарған.
Құрылтайшыларды экс-президенттің айналасына апаратын осындай фактілер бар. Осы орайда ғимараттың жекеге өтуі Нұрсұлтан Әбішұлы қызметтен кеткен жағдаймен тікелей байланысы бар ма деген сауал туады. Оған иә деп те, жоқ деп те үзілді-кесілді жауап беру қиын. Дей тұрғанмен "Салтанат үйі" компаниясына ескі қабылдау үйін жекеге алуға құрылтайшылардың Нұрсұлтан Назарбаевпен таныстығы, әріптестігі ықпал етпеді ме, ғимарат қаншаға сатылды деп хат жолдадық. Сұраққа компания қожайындарының бірі Асқар Қаппас жауап берді. Ол сарайдың 2019 жылы сатып алынғанын растады. Бірақ 2022 жылы үкіметке үстіне тағы ақша қосып төлегенін айтты. Оның сөзінше, 2022 жылы заңсыз жекешелендірілген активтерді қайтару үшін құрылған мемлекеттік комиссия бұл сарай арзанға сатылғанын анықтап, үстіндегі қаржыны өтеуді талап еткен.
– Аталған нысанды біздің компания 2019 жылы заңды негізде сатып алды. Ғимаратқа ауқымды жөндеу қажет болғандықтан, қалпына келтіруге елеулі қаражат жұмсалды. 2022 жылы Экономикалық ресурстардың заңсыз шоғырлануына қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия нысанның бағасына қатысты қайтадан тексеру жүргізді. Соның нәтижесі бойынша біз бюджетке қосымша төлем жасадық" – деді "Салтанат сарайының" құрылтайшысы Асқар Қаппас.
Асқар Қаппас Қабылдау үйін бастапқыда қанша теңгеге сатып алып, кейін қанша теңге қосып төлегенін айтпауды жөн көрді. Бұл жөнінде Азаттық радиосы толыққанды мәлімет беруді сұрап үкімет, Президенттің іс басқармасы және Бас прокуратураға хат жолдаған. Үкіметке жолданған хат Президенттің іс басқармасына бұрылды. Мекеме сарайдың 2019 жылы кезең-кезеңімен заңнамада бекітілген тәртіппен жекеменшікке өткенін растады. Мекеме процесс әуелден заңға сәйкес жүзеге асса, неге 2022 жылы қосымша төлем жасатылғанына тоқталмады. Ал ғимарат үшін төленген қаражат көлемін қолжетімділігі шектелген ақпаратқа жатқызып, құпия қалдырды.
Қала тарихымен тығыз байланысты кешен биыл 26 жылдығын атап өтіп жатыр . Бұл күнде қала халқына түрлі деңгейдегі кездесу, концерт және отбасылық той-томалақтар өткізетін ойын-сауық отауы ретінде белгілі. Adata сайтының мәліметінше , 2019 жылдан бері 777 млн теңге салық төлеген. Яғни, салыстырмалы түрде табысты бизнес.
Биыл Президент іс басқармасы Астананың ортасы – Президент саябағының ішінен жаңа қабылдау үйін салдырды . Астана әкімдігіне қарасты сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы Азаттыққа жолдаған хатында жаңа сарай "2035 жылға дейінгі бас жоспар негізінде, толықтай заң тәртібімен салынды" деп отыр.
Жаңа қабылдау үйінің де архитектурасы ерекше. Ғимарат аумағында тұрақты түрде жұмыс істейтін Villa Dei Fiori және Sichou деген қытай мейрамханасы ашылған.
Жекеге өткен өзге қабылдау үйлері
Қазақстанда мемлекеттік органдардың қабылдау үйлері жекеге өткен жағдай бір бұл емес. Мәселен, Алматыда бұрын үкіметтің мәртебелі меймандарды күтетін екі резиденциясының жекенің қолына өткені белгілі.
Соның бірі – Назарбаев даңғылы бойындағы Қабылдау үйі. Ертеректегі ресми құжаттарда N4 резиденция деп аталатын жер қазір ірі банкет, той өткізетін орын. Дәл іргесінде "Головизин үйі" деп аталатын бір ғасыр бұрын салынған республиканың тарихи-мәдени ескерткіші бар. Бұл үйде Леонид Брежнев, Жұмабай Шаяхметов сияқты Қазақстан компартиясының бірінші хатшылары тұрған. Аумақ Нұрсұлтан Назарбаевтың ұзақ жыл көмекшісі болған Владимир Нидің әулетіне берілген. Олар қандай шартпен алғаны белгісіз. Дегенмен қожайындары кейінгі жылдары ауысқан. Мемлекеттік жылжымайтын мүлік кадастры базасына сәйкес, қазіргі құқық иесі "ТехноТекстиль" деген компания. Оның құрылтайшысы – Бондаренко Лидия Михайловна деген адам.
2000 жылдардың басында Сыртқы істер министрлігінің Алматы қаласындағы қабылдау үйі болған тағы бір ғимарат. Министрлік астанаға көшкен соң мүлік Алматы әкімдігінің балансына өткен. Кейін оны сол кездегі Сыртқы істер министрі Қасым-Жомарт Тоқаевтың қарындасы Қарлыға Кемелқызы Ізбастинаның компаниясы 280 миллион теңгеге сатып алғаны, бұл бағаның нарықтағы құнынан төмен болғаны айтылады. Кейін үй өзге адамдардың атына өткен. Президент әкімшілігі 2022 жылы осы ғимарат туралы материал жасаған кезде Азаттыққа "нысан заң талабына сай жекешелендірілген" деп жауап берген еді.