Астананың апелляциялық соты эколог Лаура Мәлікованы қамау туралы шешімді күшінде қалдырды

"Қазақстанның практик экологтар қауымдастығының" негізін қалаушы әрі төрайымы Лаура Мәлікова
"Қазақстанның практик экологтар қауымдастығының" негізін қалаушы әрі төрайымы Лаура Мәлікова

Астана қалалық соты "Қазақстанның практик экологтар қауымдастығының" негізін қалаушы әрі төрайымы Лаура Мәлікованы қамау туралы шешімге қарсы берілген апелляциялық шағымды қанағаттандырмады. Мұны оның адвокаты Мейіржан Досқараев айтты деп жазды Vlast басылымы.

Досқараев апелляциялық шағымды қараған сот алдыңғы шығарылған сот шешімін заңды деп танығанын айтты.

3 қараша күні Астана қаласының мамандандырылған әкімшілік соты Лаура Мәлікованы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 488-бабының 7-бөлігі (митинг ұйымдастыру тәртібін бұзу) бойынша кінәлі деп, 10 күнге әкімшілік қамауға алған.

Сот қаулысында Мәлікова 2 қарашада өз Instagram-парақшасында митингке шақыру туралы жазба жариялағаны айтылған. Соттың ұйғарымынша, Мәлікова бейбіт митингтерге қатысты құқықтарды түсіндіріп қана қоймай, "белгілі бір қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық мәселелерге байланысты нақтыланбаған адамдар тобын митингке шығуға шақырған".

Лаура Мәлікова сот уәждерімен келіспейтінін, өз постында митинг өтетін нақты күн, орын мен уақыт көрсетілмегенін мәлімдеген. Алайда сот Мәлікова бейбіт жиындарды ұйымдастыру мен өткізу тәртібін бұзды деп ұйғарым шығарған.

"Заң талабы бойынша, бейбіт жиынды өткізуге қатысты үгіт-насихат пен өзге де әрекеттер тиісті рұқсат алынғаннан кейін ғана заңды тәртіппен жүзеге асырылуға тиіс" делінген сот қаулысында.

Адвокат Досқараев Vlast басылымына берген пікірінде қорғауындағы адамды биліктің жауапқа тартқанына келіспейтінін білдірді

"Бізде Конституция сөз бостандығына кепілдік береді. Әрбір азамат өз пікірін айтуға құқылы" деді заңгер.

2 қарашада Лаура Мәлікова әлеуметтік желіде бейнеүндеу жариялап, мемлекеттің әлеуметтік саясатындағы реформалар мен экологиялық проблемалар туралы сөз қозғаған, ол сондай-ақ Маңғыстау және Атырау тұрғындарына банктердегі депозиттерін қайтарып алуға және митингіге шығуға құқылы екенін түсіндірген.

"Сіздердің бұған құқықтарыңыз бар, біздің де бұған құқығымыз бар, бәріміздің де құқығымыз бар. Мен де табысы мен мүлік жағдайына қарай адамдарды осылай әлеуметтік санаттарға бөлуге қарсы шығатынымыз туралы әкімдікке хабарлама жіберемін" деген ол бейнежазбада.

Сол жазбасында эколог дәл сол күні полиция қызметкерлері өзін куәгер ретінде жауап алуға шақырту жібергенін, алайда олардың өздері істің мән-жайын білмегенін айтқан. Адвокат Досқараевтың сөзінше, іс жүзінде полиция тәуелсіз экологтан ешқандай жауап алмаған, ал Мәлікова шақырту бойынша барған кезде оның үстінен әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылған.


​
XS
SM
MD
LG