"Атажұрттың" сотталған белсенділерінің туыстары құқық қорғаушылардан көмек сұрады

Бекзат Мақсұтханның әйелі Нұргүл Ибраева баспасөз жиынында сөйлеп тұр. Алматы, 12 қараша 2026 жыл.
Бекзат Мақсұтханның әйелі Нұргүл Ибраева баспасөз жиынында сөйлеп тұр. Алматы, 12 қараша 2026 жыл.

«Атажұрттың» сотталған белсенділерінің туыстары 12 қарашада Алматыда баспасөз жиынын өткізіп, жақындарының түрмедегі ахуалы мен пробациялық бақылаудағы жағдайларына назар аудартуға тырысты. Олар сотталғандарды босатуды талап етіп, халықаралық құқық қорғау ұйымдары мен құқық қорғаушылардан көмек сұрады.

"Атажұрт" ұйымының жетекшісі 5 жылға сотталған Бекзат Мақсұтханның жұбайы Нұргүл Ибраева күйеуімен бес ай дегенде 9 қарашада әрең кездескенін, кедергілер көп болғанын айтты. Кездесуге рұқсат алу үшін колония басшысына екі рет шағымдануға мәжбүр болғанын да айтты.

– Оны көрген кезде жағдайды сөзбен жеткізу қиын. Бекзат бұын денсаулығы жақсы, 90 келі салмағы бар, апталдай азамат еді. Қазір 60 келідей болып, қатты арықтап кетіпті. Қолдары, буындары тілім-тілім қансырап, жараланғаны байқалады. Оның сыртқы жағдайы мені қатты шошытты, - деді Нұргүл Ибраева.

Оның сөзінше, күйеуіне түрмеде салқын болса да, жамылатын көрпе берілмеген. Ал туыстары апарса, түрмеде қабылдамаған. Ол адам құқығын қорғаушыларды, халықаралық ұйым өкілдерін "Атажұрттың" сотталған белсенділерінің қамау жағдайына назар аударуға шақырды. "Атажұрт" белсенділерінің істеріне тәуелсіз баға беруді, олардың ісін қайта қарау мәселесін қозғауды сұрады.

Баспасөз мәслихаты кезінде өзін "Атажұрттың" мүшесі ретінде таныстырған Тұқымбек Амантайұлы халықаралық құқық қорғау ұйымдарын бірлестік мүшелері мен олардың жақтастарына қатысты жағдайға назар аударуға шақырды.

"WhatsApp-тан, интернет желілерінен "Атажұрт" мүшелерін әрбір сөзінен ұстап, оларды қудалау, оларды үркіту, қорқыту [болып жатыр]. Кеше ғана Астанада болған Атажұрт қолдаушысы Нұрмұхан Жандарбеков деген ағамыз сотталып отыр. Ол кісіні де WhatsApp-тағы әрбір сөзінен ұстап отыр. Ол алда дәлелденеді. Ол ғана емес, қаншама адам құқығы қорғалмай жатыр" деді ол.

"Атажұрт" мүшелерінің айтуынша, Нұрмұхан Жандарбековке "Алауыздық қоздыру" бабы бойынша айып тағылған.

«Атажұрт» бірлестігін тіркеу жөніндегі бастамашыл топтың мүшесі Әсен Нұрсанның айтуынша, бостандығы шектелген кейбір белсенділердің жүріп-тұруына және жұмысқа орналасуына кедергі жасалып отыр. Алайда сот белгілеген шектеулер олардың өз аумағынан шықпай, жұмыс істеуіне тыйым салмайды.

Ол сонымен бірге АҚШ-та тұратын белсенді Серікжан Біләштің әпкесі Бәтиқа Біләштің жағдайы туралы да айтты. Ол бірнеше айдан бері Талдықорғандағы тергеу изоляторында қамауда отыр және алаяқтық бойынша күдікке ілінген. Бұған қоса, Нұрсан Facebook-тегі жазбалары негізінде сотталған қызылордалық Гүлназ Серікбаеваның да босатылатынына үміт білдірді. Оның айтуынша, Серікбаеваның ісі кассациялық сатыда қаралуы тиіс.

«Атажұрт» заңгері Назигүл Мақсұтханның жұбайы Ерзат Болатхан да отбасының жағдайын баяндады. Оның айтуынша, әйелі екі кішкентай баланы тәрбиелеп отыр, олардың бірі әлі ана сүтімен қоректенеді. Ерзат Болатхан электронды білезік сияқты шектеулер әйелінің денсаулығына кері әсер етіп жатқанын баяндады. Ол халықаралық құқық қорғау ұйымдары мен дипломатиялық өкілдіктерден қолдау сұрады.

Қылмыстық атқару жүйесі комитеті және осы баспасөз жиынында спикерлер айтқан жағдайға қатысы бар мемлекеттік органдар әзірге, "Атажұрт" белсенділерінің туыстарының жиынына реакция білдірмеді.

Биыл 13 сәуірде Талдықорған соты "Атажұрт" ұйымының 19 белсендісін ұлтаралық алауыздықты қоздыру деген баппен қылмыстық жауапқа тартқан. Айыпталушылардың біразы бес жылға сотталып, кейбіріне бас бостандығын шектеу жазасы берілді. Барлығына үш жылға қоғамдық-саяси жұмыстармен айналысуға тыйым салынды. Бұған былтыр қарашада болған оқиға түрткі болған.

2025 жылы қарашада Алматы облысы Ұйғыр ауданы Қалжат ауылы маңында "Атажұрт" белсенділері мен олардың жақтастары Қытайға қарсы наразылық акциясын өткізген. Олар Қытаймен визасыз режимді жоюды, Шыңжаңда "түзету лагеріне" қамалған қазақтарды босатуды, соның ішінде Қытайда қамауға алынған Қазақстан азаматы Әлімнұр Тұрғанбайға бостандық беруді талап етіп, Пекиннің Шыңжаңда жүргізіп отырған саясатына наразылық ретінде Қытай туы мен Қытай коммунистік партиясының төрағасы Си Цзиньпиннің суретін өртеген. Сол үшін кейін оларға қарсы әуелі әкімшілік іс қозғалып, кейін іс қылмыстық бапқа ауысып, сотқа жеткен.

Айыптау актісінде белсенділер "масс-медианы пайдалана отырып, ұлттық алауыздықты қоздыру, сонымен бірге Қытай ұлтының өкілдеріне қатысты ұлттық ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлау мақсатында ұйымдасқан түрде жиналған" деп жазылған.

Халықаралық ұйымдар үкімді сынап, оны адам құқығына, сөз еркіндігіне қайшы деп сөккен. БҰҰ-ның адам құқығын қорғаушылар жағдайы жөніндегі арнайы баяндамашысы Мэри Лоулор Қазақстан соты жауапқа тартқан "Атажұрт" ұйымы белсенділерінің ісін әділ сотта қайта қарауға шақырған. Amnesty International құқық қорғау ұйымы 19 белсендіге шыққан сот үкімін "әділетсіздік көрінісі" деп айыптады. Ұйым сәуірдегі мәлімдемесінде белсенділердің бейбіт наразылығы Қытайдың Шыңжаң өңіріндегі адам құқықтарын бұзып отырғанына көпшіліктің назарын аудару және оларды тоқтатуға үндеу мақсатында өткені айтылған.

​
XS
SM
MD
LG