Атырау облысы Қызыл қоға ауданы Жангелдин ауылындағы ерлі-зайыптының өліміне күдікті Индонезияда ұсталды. Бұл жөнінде ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
"Қазақстан Республикасы ішкі істер министрлігінің қызметкерлері шетелдік әріптестермен өзара іс-қимыл нәтижесінде Индонезия Республикасының Ломбок аралындағы Сенару ауылында аса ауыр қылмыс жасады деп күдікке ілінген ер адамды ұстады. Ол ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігі бойынша күдікке ілінген" деп жазылған ресми хабарламада.
Ведомствоның айтуынша, онымен бірге бұған дейін хабар-ошарсыз кетті деп халықаралық іздеу жарияланған бұрынғы жұбайы да анықталған.
Тергеу болжамынша, күдікті "ұзақ уақыттан бергі тұрмыстық жанжал мен пайдакүнемдік" ниетте қасақана адам өлтіруді жоспарлап, жүзеге асырған болуы мүмкін.
ІІМ қазіргі уақытта оларды Қазақстанға депортациялау мәселесі қарастырылып жатқанын айтты.
Әзірге, күдікті мен оның өкілдерінің бұл іске қатысты ұстанымдары жарияланған жоқ.
25 желтоқсанда Атырау облысында тұрғындардың бірі полицияға хабарласып, бауыры мен оның отбасы (барлығы 4 адам) жоғалып кеткенін айтқан. Айтуынша, олардан хабар үзілгеніне бір айдан астам уақыт болған.
6 қаңтарда ерлі-зайыптының мәйіті үйлерінің сарайынан табылып, 8 қаңтарда Жангелдин ауылында жер қойнына тапсырылды.
Полиция отбасының тағы екі мүшесін іздеп жатқанын хабарлады.
Полиция бұған дейін бұл отбасының төрт мүшесінен бөлек – қызы мен күйеубаласының Өзбекстанға, одан әрі қарай басқа елге кеткенін анықтағанын айтқан. Іздеу жарияланған адам – сол отбасының күйеубаласы.