Accessibility links

Атырауда мұғалім әйелдің қазасына күдікті ретінде күйеуі ұсталды

Атырау қаласында үйдегі жанжал салдарынан 58 жастағы әйел қаза тапқан. Адам қазасы туралы суыт хабар полицияға 16 наурыз күні шамамен таңғы сағат үш жарым кезінде түскен деп жазды жергілікті ақпарат құралдары.

Полиция бұл оқиғаға байланысты "Адам өлтіру" бабы бойынша қылмыстық іс тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталғанын айтты.

"62 жастағы күдікті ұсталып, полиция бөліміне жеткізілді. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жарияланбайды", деп хабарлады Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Алдын ала мәлімет бойынша, қаза тапқан әйел қаладағы мектептердің бірінде бастауыш сынып мұғалімі болып жұмыс істеген. Педагогика саласында көп жыл еңбек еткен ол бұған дейін мектеп директорының орынбасары қызметін де атқарған деп жазды басылымдар.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық және фемицид Орталық Азия елдері, оның ішінде Қазақстанда өзекті мәселе күйінде қалып отыр. Ресми мәлімет бойынша, 18-49 жастағы әрбір алтыншы қазақстандық өмірінде бір рет физикалық немесе жыныстық күш көрсетуге ұшыраған.

Қарағанды медицина университетінің зерттеуіне қарағанда, Қазақстанда көп жағдайда әйелдердің басым бөлігіне өзінің серігі күш көрсетеді, 12 пайыз жағдайда ғана өзге адамдар озбырлық жасайды.

Қазақстан бас прокуратурасының мәліметінше, 2024 жылы елде әйел адамды өлтіру фактісі бойынша 137 іс тіркелген. "Адамның денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіру" бабы бойынша - 191, "Орта дәрежеде зақым келтіру" бойынша 594 іс қозғалған. 198 әйел өзіне қол жұмсаған.

XS
SM
MD
LG