Accessibility links

Атыраудағы полиция рейдтері және жүргізушілер наразылығы

Атырауда рейдке қарсы жиналған жүргізушілер. 21 мамыр 2026 жыл. "Ақ Жайық" сайтынан алынған.
Атырауда рейдке қарсы жиналған жүргізушілер. 21 мамыр 2026 жыл. "Ақ Жайық" сайтынан алынған.

Атырауда полицияның күшейтілген рейдтері жалғасқаннан кейін шетелдік нөмірі бар көлік иелері қайта жинала бастады. Бұл жөнінде "Ақ Жайық" сайты хабарлады.

Сайттың жазуынша, 22 мамырда қалада полиция қызметкерлері көліктерді тоқтатып, сақтандыру, тіркеу деректерін тексерген. Бұған қоса, медициналық қорапша, өрт сөндіру, апаттық белгілер сияқты заттардың бар-жоғын да қараған.

Полицияның күшейтілген рейдтері қайта жалғасқан тұста қаланың түрлі бөлігіне жүргізушілер қайта жиналған. Әлеуметтік желіде тараған видеоларда әр жерлерде жүргізушілердің топтасып тұрғаны көрінеді.

Жүргізушілердің бір бөлігі мұндай тексерістердің күтпеген жерден басталды деп санайды.

"Біз заңға қарсы емеспіз, алайда жұртты аяқ астынан тексере бастады. Көбі талаптар мен құжаттарын реттеп үлгерген жоқ" деп сайт жиналғандардың сөзінен үзінді келтіреді.

Жүргізушілердің сөзінше, әсіресе армян, грузин, ресейлік нөмірі бар көлік иелеріне ерекше назар аударылған. Жұрт айыппұл, көліктерді айыппұл тұрағына қою, құжат рәсімдеуде қиындықтар туындай ма деп қауіптенеді.

ДЕПУТАТ: ХАЛЫҚПЕН САНАСУ КЕРЕК

Жағдайға мәжіліс депутаттары да араласты. Депутат Мұрат Әбенов әлеуметтік желіде Атырауда азаматтар полицияға рейд жүргізуіне жол бермегенін айтып,"халықпен санасу қажеттігін" жеткізген.

"Атырауда азаматтар ІІМ-ге жолда рейд жүргізуге мүмкіндік бермеді. Полиция қаласын, қаламасын, бірақ азаматтардың пікірімен санасуы керек, арнайы құқықтық режим жарияламай, көліктерді жаппай тексеру – ірі заңнамалық сұрақтарды туындатады. Жүйелі түрде жұмыс істеу керек, көзбояушылық емес" деп жазды депутат. Оның сөзінен ҚазТАГ үзінді келтіреді. Алайда оның жазбасы кейін жоғалып кетті.

23 мамыр таңертеңгі жағдай бойынша Ішкі істер министрлігі оқиғаға ресми түрде түсініктеме бермеді.

Қазақпарат агенттігінің жазуынша, әлеуметтік желіде "ауқымды тексеріс жүргізіп жатқаны жайлы ақпарат тараған шақта" қаланың орталық көпірі маңына 50-ден астам жүргізуші жиналған. Олар тексеріске қатысты, сонымен бірге шетелдік және транзиттік нөмірі бар көліктерге қатысты сұрақтар қойған.

Жиналғандармен Атырау облыстық полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары және прокуратура өкілдері кездескен. Олар жүргізушілерге мұның "қарапайым патрульдік жұмыс екенін" айтып, "заң бұзбаған азаматтарға ешқандай шара қолданылмайтынын" жеткізіп түсіндірген.

Ақпарат агенттігінің мәліметінше, жолдағы рейдтерге Астана, Қарағанды, Қостанай облыстарынан қосымша полиция күші тартылған.

"21-23 мамыр аралығында облыс аумағында рейдтер мен жедел-алдын алу шаралары жүргізіліп жатыр. Осы кезеңде полиция қызметкерлері күшейтілген режимде жұмыс істейді. Негізгі мақсат - қоғамдық тәртіпті сақтау, қылмыстың алдын алу, жол қауіпсіздігін жақсарту және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету" деп жазылған полицияның ресми хабарламасында.

Бұған дейін "Ақ Жайық" сайты Атырауда жүргізушілердің қарсылығынан кейін полиция рейдтері тоқтатылғанын жазған еді.

"Атырау – аса үлкен қала емес. Бізде заңды өрескел бұзатындар көп емес қой, Онда осыншама күшейту шаралары не керек? Жергілікті полицияның күші жетпей ме?" деді жүргізушілердің бірі.

Осыдан бірнеше жыл бұрын Қазақстанның бірнеше қаласында бір мезгілде наразылық шаралары өтіп, Алматы, Астана, Ақтөбе, Шымкент, Орал және Петропавл қаласында ондаған - кейбір жерде жүзден астам жүргізуші биліктен көліктерді тіркеу шартын жеңілдетуді талап еткен еді. Ізінше билік жүздеген мың көлікті уақытша тіркеген.

Айдар
XS
SM
MD
LG