6 шілде күні Астанада "Ауыл" партиясы кезектен тыс XXVI сиезін өткізіп, партияның сайлауалды бағдарламасын, Құрылтай депутаттығына кандидаттар тізімін және саяси кеңестің жаңа құрамын бекітті.
Партияның баспасөз қызметінің хабарлауынша, сиез жұмысына елдің барлық өңірінен 200 адам қатысқан. Олар бірауыздан қабылдаған шешімге сәйкес, партия саяси кеңесінің жаңа құрамы 29 адамнан тұрады.
Биыл 23 тамызда өтетін Құрылтай сайлауына "Ауыл" партиясы атынан депутаттыққа кандидаттар тізіміне 69 адам енді. Олардың арасында бұған дейін парламент мәжілісі депутаты болған Қарақат Әбден, Серік Егізбаев, Жигули Дайрабаев, Николай Арсютин, Ерболат Саурықов та бар.
Оларға қоса партияның жаңа төрағасы Қайрат Айтуғанов, "Бірлік" компаниясы басшысы Жандос Әбдіжаппаров, партияның Астана қалалық филиалының жетекшісі Ұлан Әбдіханов, партияның Шығыс Қазақстан облыстық филиалы төрағасы Фарид Әбітаев, Шымкент қалалық мәслихаты депутаты Талғат Айтбаев, Қызылорда облыстық "Сыр дидары" газетінің бас редакторы Сәкен Алдашбаев, Қазақстан президенті әкімшілігінің ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары Дәурен Бабамұратов, Шығыс Қазақстан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ажар Қажыбекова, Ақтөбе облыстық мәслихатының депутаты Самал Нұғыманова және өзгелер бар, деп жазды Vlast басылымы.
"Ауыл" партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидаттардың 71% кандидатов – ерлер, 29% – әйелдер. Партиялық тізімдегілердің 8,7% – ереке мұқтаждығы бар адамдар. Кандидаттардың 56,5% – 35 пен 55 жас аралығындағы азаматтар. Ал 25 пен 35 жас аралығындағы кандидаттардың үлесі – 14,5%.
1 шілдеден бастап күшіне енген Қазақстанның жаңа Конституциясына сәйкес, елдің бір палаталы жаңа парламенті – Құрылтай депутаттарын сайлау 23 тамызға белгіленген. Осының қарсаңында Қазақстанда бірқатар саяси партиялардың басшылары жаңарды. Сайлау науқаны және жаңа Конституцияның күшіне енуі аясында бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев кезінен бері саяси сахнада белсенді болған бірқатар саясаткер партия жетекшілігіндегі қызметінен кетті.