Accessibility links

"Ауыл" партиясының төрағасы ауысты

"Ауыл" партиясының съезі. 23 маусым 2026 жыл.
"Ауыл" партиясының съезі. 23 маусым 2026 жыл.

Қайрат Айтуғанов "Ауыл" партиясының төрағасы болып сайланды. 23 маусымда партияның кезектен тыс съезінде осындай шешім қабылданды деп хабарлады партияның баспасөз қызметі.

Партияның бұған дейінгі төрағасы Серік Егізбаев сейсенбі күні съезде қызметтен кететінін мәлімдеген.

"Бүгінгі саяси сәт барлық прогрессивті күштерден қоғамның жаңару туралы сұранысына лайықты жауап беруді талап етеді.... Партия төрағасы қызметімді тоқтатуым партияның ішкі динамикаға дайындығын және жаңа саяси жүйеде алдағы сайлауға толыққанды қатысуға ниеттілігін көрсететін заңды қадам болады" деді Егізбаев.

Партияның кезектен тыс съезд өткізетіні ақпарат құралдарына алдын ала хабарланбады. Партия жариялаған суреттерге қарағанда съездің аядай залда өткенін байқауға болады. Онда ақпарат құралдары аз көрінеді.

"Ауыл" партиясының орталық аппараты басшысының орынбасары Әйгерім Сәрсенбаева 24 маусымда Азаттыққа "съезд туралы анонс таратылды" деді, бірақ нақты қайда таратылғанын айта алмады.

"Басшылық таратқан жерлерді біледі. Кеше телеарна, газет-журналдар келді. Бәлкім, хат алатындардың қатарында жоқ шығарсыздар" деді ол сәрсенбі күні.

Ал мемлекеттік БАҚ жариялаған партияның съезі туралы видеода санаулы медиа өкілі ғана жүргені көрінеді.

Шамамен 300 мыңнан астам мүшесі бар "Ауыл" партиясы соңғы сайлауда парламенттен 8 мандат алған. Ол елде тіркелген билікшіл 7 партияның бірі.

Қайрат Айтуғанов Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті басқарма төрағасы. 2016-2018 жылдары ауыл шаруашылығы министрінің бірінші вице-министрі болған. 2012-2013 жылдары Қарағанды облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарған. 2011-2012 жылдары «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі басқарма төрағасының орынбасары болған.

(Жаңалықты әзірлеуге Жолдас Өрісбай да қатысты).

Айдар
XS
SM
MD
LG