Accessibility links

Axios: АҚШ мемлекеттік департаментінің делегациясы бейресми түрде Кубаға барды

Куба жағалауы. Наурыз 2026 жыл.
Куба жағалауы. Наурыз 2026 жыл.

АҚШ мемлекеттік департаментінің делегациясы 10 сәуірде Кубаға барды. Бұл 2016 жылы президент Барак Обама кезеңінен бергі алғашқы сапар деп жазды Axios. Сапар ресми түрде хабарланбады.

Америка шенеуніктері Куба басшыларымен жабық жағдайда кездесу өткізді. Олар Кубаның бұрынғы басшысы Рауль Кастроның немересі Рауль Родригес Кастромен де кездескен.

Axios-тың жазуынша, келіссөздің негізгі тақырыбы Вашингтон талап етіп отырған ауқымды саяси және экономикалық реформалар болған. Есесіне АҚШ экономикалық көмек көрсету, ұзақ жылдан бергі сауда эмбаргосын алып тастау, сонымен бірге Starlink жүйесіне қол жеткізу мәселесін қарастыруға дайын.

Америка жағы сонымен бірге Гаванада реформа жүргізуге әлі де мүмкіндік бар екенін, үйтпеген жағдайда елдегі ахуал нашарлайтынын, оны қалпына келтіру мүмкін емес болатынын ескерткен.

The Wall Street Journal жазуынша, 17 сәуірде Рауль Родригес Кастро АҚШ басшысы Дональд Трампқа жеке хат тапсыруға тырысқан. Онда АҚШ санкцияны жұмсартқан жағдайда экономикалық және инвестициялық келісім ұсынатыны жазылған.

  • Кубаны мұнаймен қамтамасыз етіп келген Венесуэла басшысы Николас Мадуроны ұстау операциясынан кейін Трамп Кубаға мұнайды тіке немесе жанама түрде импорттайтын елдерге салық салуға мүмкіндік беретін жарлыққа қол қойған.
  • Ақ үй өкілдерінің түсіндіруінше, Куба режимі көптеген қарсылас елдердің әскери және барлау нысандарын өз аумағында орналастырып, олармен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Олар Кубада АҚШ ұлттық қауіпсіздігіне қауіп төндіретін «құпия ақпаратты ұрлаумен» айналысатын ресейлік ірі радиоэлектронды барлау орталығы бар екенін мысал ретінде келтірген.
  • Трамп Кубаның АҚШ-пен келісім жасасқысы келетінін және АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубиомен келіссөз жүргізіп жатқанын растаған. Ол сонымен бірге аралды «достық ниетпен басып алу» мүмкіндігі туралы айтып, Куба үкіметі «жақында құлайды» деп мәлімдеген.
Айдар
XS
SM
MD
LG