Accessibility links

Axios АҚШ пен Иран арасындағы келісім жобасының жай-жапсарын жазды

АҚШ президенті Дональд Трамп
АҚШ президенті Дональд Трамп

АҚШ пен Иран арасындағы келісім жобасы атысты тоқтату режимін 60 күнге ұзартуды қарастырады. Бұл жөнінде дереккөздерге сүйенген Axios жазды.

Құжатқа сәйкес, бұл уақытта Тегеран Ормуз бұғазын миналардан тазарта бастайды, бұғаз арқылы өту тегін болмақ.

АҚШ есесіне ирандық порттарға жол ашып, санкцияны әлсіретпек. Бұл Иранға мұнайын еркін сатуға мүмкіндік береді.

Америкалық шенеуніктердің бірі Тегеран Ормуз бұғазын неғұрлым жылдам минадан тазартып, кеме қатынасын қалпына келтірсе, соғұрлым порттар тезірек ашылатынын айтты.

Жобаға сәйкес, Иран ядролық қаруды иелену мақсатынан бас тартуы керек, бұған қоса уранды байыту бағдарламасын тоқтату және жоғары байытылған уранды елден алып кету мәселелері бойынша келіссөзге ашық болуы керек.

Құжатқа қарағанда, Америка әскері 60 күн бойы аймақта қала береді және түпкілікті келісім жасалған жағдайда ғана әкетіледі.

Axios дерегінше, келісім жобасы сонымен бірге Израиль мен "Хезболланың" Ливандағы соғысын тоқтатуды да қарастырады. Израиль шенеуніктерінің бірі басылымға сенбі күні Израиль премьері Биньямин Нетаньяху Трамппен телефон әңгімеде бұған қатысты алаңдаушылық білдіргенін айтқан.

Америка шенеунігінің айтуынша, екі тарап қатар атысты тоқтатпайды және егер "Хезболла" қайта қаруланса немесе шабуылдаса, Израильдің шара қолдануға құқығы болады.

Ақ үй келісім жасалғаны туралы ақпаратты жексенбі күні жариялаймыз деп үміттенеді.

Айдар
XS
SM
MD
LG